Қазақстан Президенті алматылық суретшіге ерекше портрет үшін алғыс білдірді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда суретші Әсел Сабыржанқызы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың портретін ерекше тәсілмен – сөздер жазу арқылы салды. Осыдан кейін Мемлекет басшысы оған алғыс хат жолдап, денсаулық пен жетістік тілеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ә.Сабыржанқызы портретті ҚР Президентінің аты-жөнін қайталап жазу арқылы салды.

«Мұндай техника суретшілер арасында өте танымал, символ графикасы деп аталады. Яғни әлдебір заттардан не элементтерден портрет салу. Осыған ұқсас жұмыстарым бар: Дінмұхамед Қонаев, Керей мен Жәнібек хандар, Кенесары хан портреттері. Бірақ оларды «кішкентай адамдардан» салдым. Ал мұнда басқаша тәсіл қолдануды жөн көрдім – Президентті сөздерден салдым. Осылайша, Қасым-Жомарт Кемелұлына қолдау білдіргім келді. Сөздерден сурет салу – алғашқы тәжірибем», - дейді Әсел.


Ол өз жұмысын Instagram-ға салған. Видео бүгінгі күні 3 миллионнан астам қаралым жинады. Бұл суретші үшін – жаңа рекорд.

«Бірер күн бұрын Президент Әкімшілігінен хабарласты, маған әлдебір нәрсе бергісі келетіндерін айтты. Кейін маған Мемлекет басшысынан конверт алып келді. Президент менің жұмысымды көрген екен, оған бәрі ұнаған. Хатта: «Сен сияқты талантты жастар көп болса, еліміздің келешегі жарқын болады», - деп жазылған. Сондай-ақ зор денсаулық пен жеміс тілеген. Шынымды айтсам, Президенттің өзінен мұндай реакция болады деп күтпеген едім. Шексіз қуаныштымын», - дейді суретші.

Оның айтуынша, Президенттің портреті сатылып кеткен. Қазір картинаның копиясын жасап жатыр.

Әселдің сөзінше, ол жұмыс барысын камераға жиі түсіреді. Себебі адамдар сондай видеоларды қарағанды ұнатады. Сондай-ақ ол қандайда бір тұлғаны, танымал адамды салу идеясы аяқ асты келетінін атап өтті. «Мысалға, Батырхан Шүкеновтің портреті бар. Оны Батырдың туған күні құрметіне салдым. Геннадий Головкиннің портретін оның жекпе-жегі алдында салдым. Димаш Құдайбергенді – оның «Самалтау» әнін естігеннен кейін. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының және өзге танымал тұлғалардың бейнелері салынған картиналарым бар», - деді ол.








Соңғы жаңалықтар