«Қазақстан» пойызымен Астана-Мәскеу арасында қатынау жақсарды

None
None
АСТАНА. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат - Бүгін Астана теміржол вокзалынан жаңартылған, жайлылығы және қызмет көрсету деңгейі жоғары «Астана-Мәскеу» бағытымен қатынайтын №71/72 «Қазақстан» жолаушылар пойызының екінші құрамы жөнелтілді. Бұл ақпаратты «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның баспасөз қызметі таратып отыр.

Компанияның хабарлауынша, халықаралық бағыттағы жолаушылар пойызының үшінші құрамы 2010 жылғы шілденің 5-інен бастап қатынайтын болады. Аталған бағыттағы алғашқы құрам ағымдағы жылы маусымның 9-ынан жолаушыларды тасымалдауды бастап кеткен болатын. Осылайша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ы Қазақстан мен Ресей астаналарының арасында қатынайтын жолаушылар пойыздарының барлық құрамын толығымен жаңартып, жетілдіретін болады.

«Жылжымалы құрамды жаңарту вагондарды қалпына келтіріп, күрделі жөндеу арқылы іске асырылды. Заманауи вагондар барлық халықаралық талаптарға сәйкес келеді және әр жолаушының қажеттілігін қанағаттандырады. Әсіресе вагондардың сыртқы және ішкі дизайнын заманауи материалдар қолданып жасауға, кадрларды іріктеуге ерекше көңіл бөлінді», делінген баспасөз хабарламасында.

Вагондардың әрбір купесінде жайлы интерьер мен ыңғайлы дивандардан басқа радио және DVD-ға қосылған теледидар орнатылған. Жолаушылардың бос уақытына және тұрмыстық қызмет көрсетуге баса назар аударылған. Пойызда оларға түрлі үстел ойындары, шағын кітапхана, тігін және тазалық жинақтары ұсынылады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ы ағымдағы жылы «Алматы-Мәскеу» бағытымен қатынайтын №7/8 пойыз вагондарын толығымен жаңартпақ.

Соңғы жаңалықтар