Қазақстан пойыздарында оқыс жағдайда көмек шақыру үшін SOS батырмасы пайда болады
2022 жылғы 17 мамыр 21:13

Қазақстан пойыздарында оқыс жағдайда көмек шақыру үшін SOS батырмасы пайда болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде пойыз вагондарында дабыл батырмасын орнату мүмкіндігі қаралып жатыр. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ сервис департаментінің директоры Ботагөз Әкімова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай, пойыздарда төбелес, жанжал және басқа да фактілер болып жатады. Әрине, оқыс жағдай пойызда ғана емес, кез келген жерде болуы мүмкін. Жолаушыға қауіп төнген жағдайда алдымен пойыз жолсерігіне жүгінген жөн. Содан соң жолаушылардың қауіпсіздігі туралы нұсқаулыққа сәйкес пойыз басшылығы тиісті шара қабылдайды», - деді Ботагөз Әкімова БАҚ өкілдерімен өткен бейресми кездесу барысында.

Оның айтуынша, пойыз жолаушыларының қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету жұмысы жалғасын тауып жатыр.

«Өткен жылы пойыз вагондарында SOS батырмасын орнату мәселесі қолға алынды. Яғни қауіп төнген жағдайда жолаушы батырманы басып, жолсерікті көмекке шақыра алады. Сонымен қатар жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері де тартылады. Өкінішке қарай, аталған мамандар барлық пойызда жоқ. Бұл мәселе бойынша біз Ішкі істер министрлігіне бірнеше рет жүгіндік. Біздің қызметкерлермен қатар ішкі істер органдары мамандарының да болғаны абзал», - дейді ол.


Ұқсас жаңалықтар
Ұлытау облысына қыркүйек айынан «Тальго» пойызы қатынайды
2022 жылғы 9 тамыз 23:55

Ұлытау облысына қыркүйек айынан «Тальго» пойызы қатынайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Ұлытау облысына «Тальго» пойыздары жүре бастайды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлытау облысына көлік қатынасын дамыту мақсатында биыл қыркүйектен бастап Жезқазған қаласына «Тальго» пойыздары қатынайды. Ол үшін күн ара № 65/66 «Нұр-Сұлтан – Жезқазған» және № 73/74 «Алматы-2 Жезқазған» бағытындағы пойыздар жолға шығады», - деді ведомстводан.

Сонымен қатар министрлік жыл басынан бері жолаушылар пойызына жүргізілген тексерістер нәтижесін жариялады. 300 пойыз тексеруден өтіп, оларда 700-ге жуық олқылық табылған. Анықталған фактілер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Бұдан бөлек, мәлім етілгендей, қазір пойыз билеттерінің алып-сатарлығымен айналысатын тұлғаларды анықтау шаралары жүріп жатыр. Осыған орай ҚР ИИДМ Көлік комитетінің тапсырмасы бойынша жол жүру құжаттарын сатып алу және қайта сату фактілерінің жолын кесу мақсатында аумақтық бөлімшелер Көлік полициясының және Мемлекеттік кірістер департаменттерінің өкілдерімен бірлесіп теміржол вокзалдарында жұмыс жүргізуде.

Айта кетсек, бүгін аталған ведомствоға қарасты Азаматтық авиация комитеті жөндеуге жабылған Үшарал әуежайы пайдалануға берілгенін мәлім еткен болатын.


Алматыда билетсіз жолаушы пойыз вагонының шатырына шығып алған
2022 жылғы 5 тамыз 13:14

Алматыда билетсіз жолаушы пойыз вагонының шатырына шығып алған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда билетсіз ер адам діттеген жеріне пойыз вагонының шатырында жатып, жетіп алмақ болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видео әлеуметтік желіде тарады. Онда орнынан қозғалып бара жатқан пойыз вагонының бірінің үстінде ер адам жатқанын көруге болады.



Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 24 шілде күні сағат 22:45-те болған.

«Алматы-1» станциясындағы кезекші бөлімшеге «Алматы-2» станциясынан «Алматы-Орал» пойызының машинисінен вагонның төбесіне шығып, жатып алған ер адамның кесірінен пойыз шұғыл тоқтатылғаны туралы хабарлама түсті.

«Пойыз тоқтағаннан кейін көлік полицейлері құқықбұзушыны акт бойынша вагонның төбесінен түсірді. Тексеру барысында оның Батыс Қазақстан облысының 47 жастағы тұрғыны екені анықталды. Жауап алу барысында ер адам билет алуға ақшасы жоғын айтып, пойыздың төбесінде үйіне жетуді ұйғарған», - деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабы бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.



Видеодан алынған кадр







Қыркүйекте Нұр-Сұлтан мен Шымкент арасында тағы бір пойыз жүре бастайды
2022 жылғы 3 тамыз 02:25

Қыркүйекте Нұр-Сұлтан мен Шымкент арасында тағы бір пойыз жүре бастайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ кей пойыздардың нөмірі мен қатынау бағыты өзгергенін еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр-Сұлтан-Шымкент» бағытында:

- 1 қыркүйектен бастап әлеуметтік маңызы бар күнделікті №86/85 «Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Шымкент» пойызы;

- 1 қыркүйектен бастап стандартты вагондармен жасақталған №71/72 «Нұр-Сұлтан-1 – Шымкент» күнделікті қатынайтын коммерциялық пойызы жүре бастайды.

Сонымен қатар, 5 қыркүйектен бастап №71/72 пойыздың «Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Шымкент» бағытындағы қатынасы өзгереді.

«Атырау-Алматы» бағытында:

- 1 қыркүйектен бастап стандартты вагондардан тұратын, күн сайын қатынайтын №29/30 «Атырау-Алматы-2» коммерциялық пойызы;

- 3 қыркүйектен бастап әлеуметтік маңызы бар №41/42 «Алматы-2-Атырау» пойызы күн сайын жүре бастайды.

Басқа бағыттар:

- 5 қыркүйектен бастап №10/9 пойыздың «Нұр-Сұлтан-1 – Алматы-1» бағытындағы қатынасы өзгереді;

- 5 қыркүйектен бастап №73/74 «Алматы-2 – Жезқазған» жедел пойызы құрамында Тальго вагондары (стандартты вагондардың орнына) күнара жүреді;

- 3 қыркүйектен бастап №69/70 «Алматы-2-Өскемен-1» Тальго коммерциялық пойызы тоқтатылады.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT