Қазақстан полициясы сервистік модельге көшіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан полициясы сервистік модельге көшу үстінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ішкі істер министрлігіінң баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Халықаралық тәжірибеде сервистік полицияның келесі тұжырымдамасы қабылданды: сервистік полиция – полиция қызметіндегі қоғамдық бағдарланған тәсіл – басқару стилі, мәселені шешуге және қоғаммен серіктестікке бағытталған ұйымдастырушылық стратегия. Осы стратегия шеңберінде полиция қоғаммен тығыз өзара іс-қимыл жасауға, полиция қызметінің тиімділігі және нақты аумақта тұратын тұрғындардың қауіпсіздігі мәселелерінің басымдылығы туралы халықтың пікірін ескере отырып, қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешуге бағытталған белсенді жұмыс моделіне бағдарланады. Қызметке бағытталған полиция қызметі – полиция мен қоғамға қылмысты ашуда, құқық қорғау және қауіпсіздік мәселелерін шешуде ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін модель. Ол екі негізгі құрамдас бөлікке негізделген: полицияның әдістері мен тәжірибесін өзгерту және полиция мен қоғам арасында сындарлы қарым-қатынас орнату үшін шара қабылдау» делінген ІІМ хабарламасында.

Бұл модельдің мәні - қоғам мүшелерінің қауіпсіздік мәселелерін анықтау процесіне белсенді қатысуы. Азаматтарды тарту аясында құқық бұзудың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес бойынша кеңейтілген көзқарас орын алады, бұл бүкіл полиция қызметіне терең өзгерістер енгізуге әкеп соғады.

Тиімділікке қол жеткізетін бұл тәсіл барлық полиция қызметтері тарапынан да, өзара іс-қимыл мен осы процестегі өз үлесінің нәтижесін байқай алатын жұртшылық тарапынан да мақсатты қолдауды көздейді.

«Полицияның сервистік моделінің» негізін сипаттауға болатын негізгі қағидат: Полиция – бұл халық, ал халық – полиция.

«Қазір Қазақстанда ұлттық модель құру процесі жүріп жатыр. Біз полицияны азаматтардың проблемаларын шешетін және көмектесетін қызмет деп санаймыз. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің «сервистік» форматына көшу үшін өткен жылы Қарағанды облысында пилоттық жоба басталды. Оның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде жергілікті қауымдастықпен әріптестік қатынас орнату. Жақын арада осындай жоба елордада жұмыс істей бастайды», - деп атап өтті ІІМ кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков Алматы ІІМ академиясы базасында өткен жаңа жағдайдағы полиция мәселесін талқылау барысында.


Соңғы жаңалықтар