Қазақстан Польшаға жүк тасымалын арттырады - Елші Марғұлан Баймұхан

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» басшылығы Польшаға қарай жүк тасымалын арттыру үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марғұлан Баймұхан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елшілік «Қазақстан темір жолы» компаниясына қажетті қолдау шараларын жасап жатыр. Таяу арада ҚТЖ басшылығының Варшаваға сапары жоспарланып отыр. Осы орайда көліктік-транзиттік ынтымақтастық бағыты бойынша келіссөздер жүргізіледі», - деді М. Баймұхан.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Еуропа бағытына қарай контейнерлік жүк тасымалдары елеулі түрде артып келеді. Өткен жылы Польша аумағы арқылы 201 мың контейнер өткізілсе, 2018 жылы 345 мың контейнерді тасымалдау жоспарда бар. Атап айтқанда, 2020 жылы Польша жерімен өтетін контейнерлерді 800 мыңға жеткізу ескеріліп отыр.

«Бұл тұрғыда жалғыз ғана проблема бар. Польшаның теміржолдары әзірге осындай ауқымды контейнерді қабылдауға дайын емес. Олар бүгінде Еуропалық одақтан 15 млрд еуроға тарта қаржы алды. Осы орайда өздерінің инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер де Польша мен Беларусь елдерінің шекарасында теміржол кептелісі пайда болса, онда сәйкесінше Қазақстан мен Қытай шекарасында да жүк пойыздары тұрып қалады. Сондықтан біз теміржол компанияларына барынша жәрдемдесуге тырысып жатырмыз», - деп түсіндірді Елші.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, Қытай мен Польша арасындағы арақашықтықты контейнерлік пойыздар 11 күннің ішінде жүріп өтеді. 2017 жылы олар 3 270 рейс жасаса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 4 мыңнан асады деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар