Қазақстан Парамаунт Инжиниринг сұраныста жоқ өнімді өндіретін жалғыз компания – Қорғаныс министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрлігі ведомствоның Қазақстан армиясын қаруландыру саясаты туралы БАҚ-та жарияланған материалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ертең соғыс басталса, не болады? Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі немен күнелтіп жүр. І бөлім» деген тақырыппен жарияланған мақалада Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Айбек Барысовтың уәждері берілген. Оның айтуынша, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС-нің мина мен жарылғыш заттарға қарсы технология бойынша құрастырылған «Mine Resistant Ambush Protected» атты бронды тасымалдағыш техникасын ҚР Қорғаныс министрлігі қажетті көлемде сатып алмай отыр. Материалда бұрынғы министр Нұрлан Ермекбаев ресейлік техникаларды сатып алуға пейілді болса, қазіргі министр Руслан Жақсылықовтың түркиялық өндірушілердің өнімін сатып алуға ниетті екені айтылған.

Қорғаныс министрлігінің осы мақалаға қатысты ресми ұстанымы айтылған жауапта «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясының ұсынып отырған техникасы туралы біраз мәлімет берілген.

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС-нің құрылтайшыларының бірі – Paramount Group Limited компаниясы. Бұл – Оңтүстік Африка Республикасының қорғаныс және аэроғарыш техникасына маманданған корпорациясы. Қазақстандық компания аталған кәсіпорынның бронды техникасының көшірмесін құрастырып келді. Бастапқыда «Арлан» брондалған дөңгелекті машинасы Оңтүстік Африканың Marauder бронетранспортерінің көшірмесі болды. 2011 жылы ОАР компаниясы Singapore Technologies Kinetics кәсіпорнымен (STK) 90 млн еуроға бронды көлік жеткізу туралы мәміле жасасты. Алайда, 2016 жылдан бастап ол тапсырысты толық көлемде орындамай, 2018 жылдың ақпан айында STK PCS банкрот өзін деп жариялауға өтініш берді.

2018 жылы Оңтүстік Африка компаниясы қаржылық қиындықтарға және өз міндеттемелерін уақтылы орындамауына байланысты банкрот деп жарияланды және өз қызметін тоқтатты», - деп жазылған ведомствоның жауабында.

Министрлік мәліметіне сенсек, минаға қарсы күшейтілген қорғанысы (MRAP) бар «Марадер» және «Матадор» сауытты автомобильдері Қаурлы күштердің қызметіне арналмаған. Тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, яғни полиция қызметінің функцияларына, терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге, шекарада патрульдеуге арналған көрінеді.

«Кең ауқымды маркетингтік акцияға қарамастан, бұл сауытты транспортерлердің түрлері Оңтүстік Африка армиясында жоқ. Ал өндірілген 25 бронетранспортер Оңтүстік Африка полициясының бөлімшелеріне берілген. Қазіргі таңда Оңтүстік Африка Республикасындағы «Paramount Group» компаниясы «Марадер» және «Матадор» бронеавтобильдерін өндіруді тоқтатты.

Сонымен қатар Әзербайжанның қорғаныс өнеркәсібі министрлігі бұған дейін 45 «Марадер» және «Матадор» техникасын сатып алған. Тағы 65 машина Әзербайжандағы «ЭЕМ зауыты» кәсіпорнында шығарылған. Бірақ кейін ол өндіріс тоқтатылды.

2008 жылы Paramount Group пен Иорданияның «KADDB» компаниясымен «Марадер» техникасын бірлесіп өндіру туралы келісім жасасты. Бірақ Иордан кәсіпорнында сериялық өндіріс болған жоқ.

2011 жылы Грузия Қорғаныс министрлігі Ford Super Duty базасында әзірленген «Дидгори» техникасын таңдап, «Марадерден» бас тартты», - делінген министрліктің жауабында.

Қорғаныс министрлігіндегілер «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС сұраныстан түсіп қалған өндіріспен айналысып жүр деген пайым айтқан.

«Осылайша, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС сұраныста жоқ өнімді өндіретін жалғыз компания болып отыр. «Оңтүстік африкалықтар қазақстандық кәсіпорнға бүкілтехнология мен сызбаларды тапсырды» деген уәжге жауап берсек, аталған модель өндірістен шығарылған. Ал зауыт банкротқа ұшыраған. Бұл сауытты дөңгелекті техника әлемнің ешбір армиясында қолданылмайды. Сондықтан техникалық құжаттама «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС-не берілген. Ал құжаттама шығындары өнімінің құнына енгізілген»,-деді министрлік.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі қай елдің пилотсыз ұшатын аппаратарын пайдаланып жүргені туралы мәлімет берген болатын.




Фото: gov.kz



Соңғы жаңалықтар