Қазақстан паралимпиада командасы Бейжіңге қашан аттанады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық спортшылардың Бейжің қаласында өтетін XIII қысқы Паралимпиада ойындарына қашан аттанатыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық паралимпиада комитеті хабарлағандай, Қазақстан құрама командасы 25 ақпанда Алматы қаласынан XIII қысқы Паралимпиада ойындарына аттанады.

Құрама команданың ресми тасымалдаушысы - «Эйр Астана» әуекомпаниясы.

Бейжің-2022 қысқы Паралимпиада ойындарына қазақстандық делегация короновирус індетіне қарсы барлық санитарлық шараларды қолданып, қатаң карантин режимінде аттанады.

Соңғы үш жеті бойы паралимпиадашылар Алматы облысы Талғар ауданындағы «Алатау» шаңғы-биатлон комплексінде карантин режимін қатаң сақтап, Паралимпиада ойындарына соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Бейжіңде өтетін XIII қысқы Паралимпиада ойындары 2022 жылдың 4-13 наурыз аралығында өтеді.

Биыл Паралимпиада ойындарында 50 мемлекеттен келген ең үздік 700-ден астам спортшы қатысады деп болжанып отыр.

Аталған төртжылдықтың басты додасында 5 қазақстандық атлет ел намысын қорғайды.

Олар - Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Сергей Усольцев, Юрий Березин және Денис Петренко.

Қазақстан паралимпиадашылары екі спорт түрі бойынша өнер көрсетеді: парабиатлон және парашаңғы.

Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты 4 наурызда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 22.00-де өтеді.

Салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан туын әлем кубогінің қола жүлдегері Ербол Хамитов ұстап шығады.


Соңғы жаңалықтар