Қазақстан пандемия кезінде қолдау шараларына 15 млрд доллардан астам қаржы бөлген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов 109-шы Халықаралық еңбек конференциясының пленарлық отырысында бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) ғасыр декларациясының еңбек саласының болашағы туралы бейілділігін растайды және Бас директордың «Covid кезіндегі еңбек» атты баяндамасын құптайды. Ол жұмыс орындарын, халықтың табысын сақтау және экономикалық өсуді жандандыру үшін тиісті жаһандық ден қою шараларын қабылдау мақсатында уақтылы, өзекті әрі қажет болып табылады.

Пандемия кезеңінде Қазақстан Үкіметі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге, кәсіпкерлікті жандандыруға, цифрландыруға және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды қабылдады.

2020 жылы аталған шараларға 15 млрд АҚШ долларынан астам қаражат бөлінді.

Пандемия кезеңінде 1 млрд АҚШ долларынан астам сомаға 4 млн 600 мың азамат табысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер алды, сондай-ақ біржолғы әлеуметтік төлемдер ауру жұқтырған медицина қызметкерлеріне және қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына жалпы сомасы 50 млн АҚШ долларына жүргізілді.

Халықтың әлеуметтік осал топтарынан 1 млн-нан астам азамат 60 млн АҚШ доллары сомасына азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтар алды.

Электрондық үкімет порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беру тетігі іске асырылды.

936 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді, 218 мың балаға жалпы сомасы 214 млн АҚШ долларына кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынылды.

Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» дағдарысқа қарсы бағдарламасы іске қосылды, оның аясында 239 мың жұмыс орны құрылды. Оны жүзеге асыруға 2 млрд 400 млн АҚШ доллары бөлінді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады, оның ішінде әйелдер арасында – 5,3%, жастар арасында – 3,8%.

Жұмыспен қамту шараларымен биыл 1 млн 200 мың адам қамтылатын болады.

Ағымдағы жылдан бастап Жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламасын ұлттық жобаға қайта форматтау жоспарлануда, оған бес бағыт – кәсіби және аумақтық ұтқырлық, өнімді жұмыс орындары, ауылдағы бизнес және жұмыспен қамтуды цифрландыру кіреді.

Қазақстанда Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын, оның ішінде лайықты еңбек ету құқығын қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар іске асырылуда.

Өткен жылы «Мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын кәсіптер мен сабақтардың атласы» әзірленді және мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді.

2020 жылғы мамырда Еңбек заңнамасына қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін кәсіподақтардың рөлін арттыруға қатысты өзгерістер енгізілді.

Биыл Үкімет, кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған жаңа Бас келісімде тараптардың бір-бірінің қызметіне заңсыз араласуға жол бермеу жөніндегі міндеттеме бекітілген.

Әйелдердің еңбегі шектелетін жұмыстар тізімін жою және қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері пысықталуда.

Қазіргі уақытта «Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы» ХЕҰ № 175 Конвенциясына қосылу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Соңында Қазақстан Үкіметі ХЕҰ стандарттарына сәйкес әлеуметтік-еңбек саясатын жетілдіру, әлеуметтік әділеттілік пен лайықты еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыратынын атап өткім келеді», – деді Серік Шәпкенов бейне хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық еңбек конференциясы ХЕҰ-ның шешім қабылдаудың жоғары органы болып табылады. Ол жыл сайын ХЕҰ-ға мүше 187 мемлекеттен үшжақты делегациялардың басын қосу жолымен өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар