Қазақстан Өзбекстанға жылына 5 млн тонна мұнай экспорттауы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстаннан Өзбекстанға жылына 5 млн тонна мұнай жеткізу мәселесі пысықталып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан алдағы уақытта да Өзбекстанға өз ресурстарынан мұнай жеткізуге дайын. Шағыр станциясындағы теміржол цистерналарына ауыстырып тиеу арқылы «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбыры бойынша жеткізіледі. Қазіргі уақытта осы бағыттағы тариф бір тонна үшін шамамен 25 АҚШ долларын құрайды», - деді министр Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, РФ тарапы өзбек жағының сұрауына сәйкес, Өзбекстанға жылына 1 млн тоннаға дейін мұнай жеткізу мәселесін қарастыруда. Бұл ретте Қазақстан екі ел арасында транзиттік тарап ретінде қаралады.

«Жалпы айтқанда, Өзбекстан жылына 5 млн тоннаға дейін мұнай сатып алуды жоспарлауда. Соның ішінде Қазақстаннан 2 млн, ал Ресейден 3 млн тонна сатып алуға мүдделі. Айта кету керек, негізі бүгінгі таңда 5 млн тоннаны тұтастай Қазақстаннан алу мәселесі қаралуда. Өзбекстанға 5 млн тоннаға дейін мұнайды тұрақты жеткізу үшін көлік инфрақұрылымына біршама инвестиция қажет», - деді Қанат Бозымбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Соңғы жаңалықтар