Қазақстан-Өзбекстан вице-премьерлері ынтымақтастық меморандумына қол қойды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте алғаш рет өтіп жатқан Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастық форумында бірқатар келісімдер жасалды. Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин және Өзбекстан Республикасы вице-премьері Ачилбай Раматов әріптестікті дамыту бойынша меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пленарлық отырыста екі елдің облыс және қала әкімдері арасында бірлескен меморандум түзілді. Кездесу барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин Қазақстандағы Өзбекстан жылы табысты аяқталуға жақын екенін атап өтті.

«2018 жыл әріптестікті дамыту іс-шараларымен есте қалып отыр. Қазақстандағы Өзбекстан жылы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға көп үлес қосты. Бұл мақсатта көптеген іс-шаралар өтті. 9 айда сауда тауар айналымының көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асты. Яғни, 40 пайызға ұлғайып отыр. Бұл көрсеткішті одан әрі көбейтуді көздеп отырмыз. Міне, ең алғашқы форум да Шымкентте өтіп жатыр. Қаланың республикалық мәртебе алуы бұл бастамаларды одан әрі нығайтуға жаңа серпіліс береді деп ойлаймын. Жалпы, түзілген меморандум экономиканың түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосады деп сенеміз. Екі елдің Үкіметі тауар айналымды келесі жылға 5 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.

null

Өңіраралық форумның маңызы - сауданың рөлін күшейту мен экономикалық әріптестікті, сауда қатынастарын аймақтар арасында дамытуға серпін беру болды. Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан Орта Азиядағы экономиканы дамытудың локомотивіне айналуы тиіс екенін тілге тиек етті. Ал, түрлі идеялдар мен жобалардың талқылануы, келісімдер жасауы - бұл екі елдің экономикасына зор серпін бермек. Сондай-ақ, ендігі ретте көлік дәліздерін, инфрақұрылымды және цифрлық технологияларды бірлесе дамыту жоспарлануда. Өз кезегінде Өзбекстан Үкімет басшысының бірініші орынбасары Ачилбай Раматов бұл пікірді толық қуаттады.

«Өзбекстан Үкіметінің атынан зор алғысымды білдіремін. Бұл форум тек қана сауда-экономикалық қатынастарды, өнеркәсіп индустриясын дамыту ғана емес, екі елдің туыстық-қарым қатынастарын, мәдени-рухани байланыстарды да арттырады. Қазақстан - біздің басты стратегиялық серіктесіміз. Біздің достық қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Бір жылдың ішінде біздің еліміз экономиканың түрлі салаларында жетістікке жетті. 2018 жылы тауар айналымы өсті. Әлі де жыл соңына дейін 3 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл - нақты меже. Бұған дейінгі өткен бизнес-форум да өз жемісін берді», - деді Ачилбай Раматов.

null

Кездесуге қатысқандар Шымкент пен Ташкент қалалары бірлесе дамытуға уағдаласты. Бұл ретте шым шаһардың әкімі Ғабидолла Әбдірахымов алғашқы форумның Шымкентте өтіп жатқанына алғысын айтып, көршілес қос мегаполис қаланың бірлесе дамитынына сенім білдірді.

«Алғашқы форумның Шымкентте өтіп жатқаны - біз үшін үлкен мәртебе. 15 наурызда Астана қаласынан басталған Қазақстандағы Өзбекстан жылы көптеген іс-шараларға ұйытқы болды. Елбасы атап өткендей, Өзбекстан біздің басты стратегиялық әріптес елдердің бірі. Басты келісім - ол екі елдің достығы және стратегиялық әріптестігі. Шымкент пен Ташкент бірлесе дами бермек. Ең бастысы, екі мегаполис қаланың арасы бар-жоғы 100 шақырымнан сәл асады. Бұл бізге бірлесе дамуға зор мүмкіндік береді», - деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Жиын соңында Асқар Мамин мен Алчибай Раматов ынтымақтастықты дамыту бойынша меморандумға қол қойды. Шымкент қаласы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен Жызақ облысының әкімі Ергаш Солиев те әріптестікті дамыту бойынша меморандум түзді.

Айта кетейік, өңіраралық алғашқы форум барысында екі тараптың ауыл шаруашылығы техникалары, өнеркәсіп, жеңіл және тағам өнеркәсібі, құрылыс, жиһаз өндірісінің көрмесі өтті. Көпшілік назарына асыл тұқымды шаруашылық, тоқыма бұйымдары, фармацевтика өнімдері ұсынылды.

null null

Соңғы жаңалықтар