Қазақстан Өзбекстан нарығына жаңа 64 тауар түрін шығаруға ниетті

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Қазақстан Өзбекстан нарығына жаңа 64 тауар түрін шығаруға ниетті. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Ташкентте Қазақстан-Өзбекстан арасындағы өзара сауда айналымын арттыру және ынтымақтастықты кеңейту туралы кездесу өткіздік. Біз үшін Өзбекстан аймақтағы негізгі сауда серіктесі. Ағымдағы жылы өзара тауар айналымын 5 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлаған болатынбыз. Дегенмен, пандемияға байланысты бұл көрсеткішке қол жеткізу қиын. 9 айда екі ел арасындағы сауда айналымы 16,5%-ға төмендеді. Бұл салада Қазақстан экспорты аз көлемде зардап шекті, ал Өзбекстан импорты 40%-ға төмендеді.

Келіссөздер барысында Қазақстан тарапы Өзбекстан нарығына жаңа 64 тауар түрін шығару туралы ұсыныс білдірді. Олар әртүрлі құбырлар, металл прокаты, автомобильдер, химия және мұнай-химия өнімдері, машина жасау, фармацевтика, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі саласындағы тауарлар. Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі дамуына өткен жылы Ташкентте ашылған «KazakhExport» кеңсесі көмектеседі деп сенемін», - деп атап өткен ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов. Министрдің мәлімдеуінше, «KazakhExport» компаниясы өзінің сақтандыру құқығын пайдалана отырып, қазақстандық тауарларды сатып алу үшін жергілікті банктерден экспортқа қажетті қаржы ала алады.

«Кездесу аясында «KazakhExport» пен өзбекстандық «Кишлок курилиш банк» арасында 3 млн долларға дейін сауда операцияларын қаржыландыруды көздейтін келісімге қол қойылды.

«Бірақ біз тек сауда жасап қана қоймай, бірлесе сыртқы нарықтарға шығу жолдарын да қарастырамыз. Бұл үшін екі ел Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құруға бастамашы болды. Дегенмен, орталықтың жұмысы басталғанға дейін біз оның кейбір элементтерін шекаралық көтерме-тарату орталықтарынан сынақтан өткізуді ұсынамыз. Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы іске қосылған сәтте тауарлар қозғалысының барлық технологиялық схемасын жасап, осал тұстарды анықтап, оларды тез арада түзете аламыз. Сондай-ақ, «жасыл дәліз» қағидаты бойынша тауарлардың транзиттік қозғалысын қамтамасыз ету үшін өткізу бекеттерінде фито-санитариялық бақылау, кедендік рәсімдер мен өзге де қажетті шаралар жүргізу жүйесін дамыту маңызды. Бұл үшін барлық шекара маңы қызметтерінде ХҚКО-ның жүйесіне ұқсас орталықтандырылған жүйе қажет», - дейді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар, келіссөз барысында Қазақстан тарапы Өзбекстанды акциздік саясатты реттейтін 2009 жылғы 20 қарашадағы ТМД елдерінде шығарылатын тауарларды айқындау туралы ережеге қосылуға шақырды. Себебі өзбек нарығында қазақстандық брендтерді жамылып, контрафактілік ұн өнімдерін тарту оқиғалары жиі орын алады.



Соңғы жаңалықтар