Қазақстан өз вакцинасы арқылы әлемдік эксклюзивті клубқа енді – Diplomatic World

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Qazvac вакцинасы Қазақстанның ғылыми әлеуетін көрсетеді. Diplomatic World атты еуропалық басылым бетінде шолушы Альберто Тюркстра отандық вирусологтардың әзірлеген препаратына қатысты өз пікірін айтты, деп хабарлайды қазАқпарат меншікті тілшісі.

Еуропалық автор еуропалық қоғамға 26 сәуірде Қазақстан өзінің COVID-19-ға қарсы вакцинасын шығара бастағанын хабарлады.

«Бұл кампанияның басталуы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырған қазақстандық вакцинаны жасау міндеттемесіне сәйкес келеді», - деп жазады еуропалық сарапшы.

Басылым өткен жылдың мамыр айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қазақстанның биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген вакцинаны тіркегенін, ал тамыз айында осы сатыға жеткен әлемде 14-ші вакцина бола отырып, препарат клиникалық сынақтарға жіберілгенін жазды.

Қазіргі уақытта QazVac шілде айында аяқталуы тиіс сынақтың үшінші сатысында тұр. Алғашқы екі кезеңнің қатысушыларында COVID-19-ға қарсы иммунитет дамыды, ешқандай жанама әсерлер жоқ.

QazVac-ты енгізу Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтады, осылайша бұл ел COVID-19-ға қарсы өз вакцинасын әзірлеген АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Куба және Үндістан сияқты елдердің эксклюзивті клубына қосылады деп есептейді А.Тюркстра.

«Дипломатиялық әлем» (Diplomatic World) – әлемнің дипломатиялық астанасы – Брюссельде шығатын халықаралық бизнес-журнал.

Басылым француз және ағылшын тілдерінде 20 мың данадан астам таралыммен шығады, өзінің электрондық нұсқасы бар.

Diplomatic world аудиториясы – Еуропа дипломаттары мен саясаткерлері.

Журналды Еуропа мен бүкіл әлемнің елшіліктері мен консулдықтарында, үкіметтері мен мәдени орталықтарында оқиды.


Соңғы жаңалықтар