Қазақстан өз экономикасының жаһандық және өңірлік жүйеге интеграциялануына мүдделі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан отандық экономиканың жаһандық және өңірлік жүйесіне интеграциялануына мүдделі.

Бүгін елордада жалғасып жатқан Астана экономикалық форумы аясындағы дөңгелек үстел жиынында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов осылай мәлім етті.

Вице-министр сөз арасында еліміздің өңірлік ынтымақтастық мәселесіне үлкен көңіл бұрып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі заманауи халықаралық үдерістердің дамуы жағдайында Қазақстан отандық экономиканың жаһандық және өңірлік жүйесіне интеграциялануына мүдделі. Осыған орай, Т. Жақсылықов Орталық Азия мемлекеттері жаһандық және өңірлік экономика мен саясаттың өзекті мәселелерін талқылау үшін диалогтық алаң қалыптастыруына болатынын, сосын барып өңірлік экономикалық кооперация бағытында алға жылжуға мүмкіндік туатыны жайлы пікірін ортаға салды. Оның сөзіне қарағанда, бұндай бірлескен кооперацияның оңды нәтижелері басымырақ болуы да ықтимал.

«Жалпы, бүгінгі таңда сауданың негізгі бөлігі дамушы Азия мен дамыған Еуропаға шоғырланған. Бұл шамамен әлемдік экспорттың 70 пайызын құрайды. Ал Американың дамушы экономикасына жалпы алып қарағанда экспорттың 17 пайызы тиесілі болса, өтпелі экономика үлесі шамамен 4,4 пайызды құрайды. Алайда, жаһандық сауда мен жаһандық экспорт динамикасын негізінен Азиядағы және посткеңестік Еуразиядағы өңірлік одақтар айқындап отыр», - деп пайымдайды вице-министр.

Сонымен қатар, сөз арасында Қазақстанның былтырғы жылғы даму көрсеткіштеріне тоқталған Т. Жақсылықов, ел Үкіметінің бизнес-климатты жақсартуға қатысты шараларын да тілге тиек етті. Бұндай қадамның өзі Қазақстанның әлемдік экономикаға ықпалдасуына көп жәрдем болмақ.

Соңғы жаңалықтар