Қазақстан өз алаңында Беларусьті жеңіп, UEFA Ұлттар лигасының В тобына жолдама алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасының В лигасына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қазақстан өз алаңында Беларусь құрамасын қабылдады. Қазақстандық футболшылар үшін олар - қолайсыз қарсылас. Екі құрама бұған дейін бір-бірімен алты ойын өткізген.

Оның екеуі тең нәтижемен аяқталса, қалғанында беларусьтер жеңіске жеткен еді.

Оған қоса турнир кестесінде қазақстандық футболшылар көш бастап тұрса, Беларусь құрамасы небәрі екі ұпаймен төртінші орында келе жатқан болатын.

Айта кетсек, бүгін қазақстандық футболшылар жеңіске жетсе, құрамасы алдағы маусымдағы Ұлттар Лигасында В дивизионында Еуропаның алдыңғы қатарлы құрамаларымен сынға түсуге мүмкіндік алады.

Оған қоса 2024 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу ойындарына қатысуына жол ашылатын.

Осындай себептерге байланысты кездесу тартысты басталды. Екі құрама алға қарай ұмтылды.

Дегенмен ойынның біраз бөлігіне дейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Кездесудің 29-минутында қазақстандық Михаил Габышев есеп ашты.

Бұдан кейін де қазақстандық футболшылардың есеп ашатын бірнеше мүмкіндігі болды. Дегенмен оны пайдалана алған жоқ.

Ал 45-минутта беларусь футболшысы Павел Савицкий таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңнің 79-минутында қазақстандық Бактиёр Зайнутдинов гол соқты.

Осылайша Қазақстан қарсыласын 2:1 есебімен жеңді.

Нәтижесінде алдағы маусымда В лигасында ойнауға мүмкіндік алды. Қазақстандық футболшылар Беларуське қарсы жеті ойынға созылған сәтсіздіктер сериясын осылайша бұзды.

Енді Қазақстан құрамасы 25 қыркүйекте сырт алаңда Әзербайжанмен кездеседі.

Айта кетсек, қазақстандық футболшылар С лигасы үшінші тобында сынға түседі. Қарсыластары - Беларусь, Әзербайжан мен Словакия.


Фото: facebook.com/KFFkaz


Соңғы жаңалықтар