Қазақстан ойыншықтардың қоқыс жәшігіне айналды - Балиева
2016 жылғы 17 қараша 14:50

Қазақстан ойыншықтардың қоқыс жәшігіне айналды - Балиева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен "Бала мен кәсіпкерлік" тақырыбындағы "дөңгелек үстелдің" отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева экологиялық таза ойыншықтар мәселесін көтерді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің айтуынша, бүгінде отандық кәсіпкерлер экологиялық таза ойыншықтарды шығаруды қолға алуы қажет. Ол үшін мемлекеттік қолдау шараларын да жасаған жөн. "Мәселен, Германияда ағаш ойыншықтар жасайды. Сосын өте таза пластмасты қолданады. Басқа ойыншықтар мүлдем жоқ. Ал оларға Барбиді алып келсе, оны жүз рет тексереді. Осыдан кейін кәсіпкерлер мүлдем әкелгісі келмей қалады. Сол себепті немістің ойыншықтары ең таза өнім болып саналады. Неге Германия осыны қолға ала алады? Қазақстан болса, ойыншықтардың күл-қоқыс алаңына айналып отыр. Неге солай? Себебі біз ондай жағдайды өзіміз жасап қойдық. Енді, осы жұмысты қолға алу қажет. Кеденнен бастап, ойыншықтарды шығарушы компанияларға дейінгі тізбекті тексеру керек",-деді З.Балиева. Осы орайда ол бараxолкаларда арнайы рейдтерді жиі өткізіп, улы ойыншықтарды анықтауды қолға алуды ұсынды.

Отырыс барысында бейнебайланыс арқылы шыққан бір кәсіпкер нәрестеге арналған киім-кешекті шығарып жатқанын, бірақ ауылда бала киімдерін көп жағдайда ырымдап қолдан-қолға беріп жүретінін жеткізді. Сол себепті тауарлар өтпейді. Оның сөзін бөлген З.Балиева: "Ауылда қалса, қалған шығар. Бірақ қалада ондай жоқ", - деп өз ойын білдірді. Осыдан кейін депутат ол киімнің кейбір үлгілерін тікелей Парламентке жіберуді тапсырды. Халық қалаулысы тауардың сапасын тексеріп алған соң, шалғай жерде жүрген кәсіпкер әйелге көмектесуге ниетті.

Айта кетейік, Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл З.Балиева өз қызметіне шындап кіріскен тәрізді. Депутат балаларды өз құқықтарын білуге, пайдалы және зиянды тамақты ажыратуға, тіпті Coca-Cola-ны ішпеуге үйретпекші.

«Сонымен, барлығымыз бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Енді, мен еліміздегі балалардың екінші анасы боламын. Бірден айтайын, менің мінезім бар. Ешкімге тыныштық бермеймін», - деп атап көрсетті Балиева.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT