Қазақстан өткен жылы 68,5 млн тонна мұнай экспорттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан өткен жылы 68,5 млн тонна мұнай экспорттады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы мұнай және конденсат өндіру көлемі 85,7 млн тоннаға жетіп, есепті жылдың жоспарымен салыстырғанда 101 пайыз болды. Республика бойынша 2020 жылы мұнай өндіру 90 млн тоннадан 85,7 млн тоннаға дейін төмендетілді. Коронавирустың таралуына және көптеген елдердегі қатаң шектеу шараларына, әлемде мұнай мен мұнай өнімдерін тұтынудың төмендеуіне, мұнай мен мұнай өнімдерінің тез жиналып, әлемдік мұнай қоймаларының толып кету тәуекелдеріне байланысты 2020 жылы Үкімет мұнай өндіру бойынша шектеу шараларын іске асырды. Сонымен қатар, ОПЕК + елдері, мұнай өндіруді шектеу бойынша осындай шараларды қабылдады», - деді министр.

Оның айтуынша, аталған шаралардың арқасында әлемдік мұнай нарығында ұсыныс пен сұраныс тепе-теңдігін біртіндеп қалпына келуі байқалады. Мұнайдың баға белгіленімдері бір баррель үшін 18 доллардан 50 долларға дейін тұрақталды.

Сонымен қатар ол өткен жылы еліміздің мұнай-газ саласындағы iрі компаниялар өндірген мұнай көлеміне тоқталды.

«ТШО-да аталған кезеңде 26,4 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл есепті жылдың жоспарына 100 пайыз. НКОК-та мұнай өндіру көлемі – 15,1 млн тонна, яғни 2020 жылдың жоспары 100 пайыз орындалды. КПО-ның көрсеткіші 12 млн тоннаны құрап отыр. 2020 жылдың жоспарымен салыстырғанда 103 пайыз өндірілді. Есепті кезең ішінде 68,5 млн тонна мұнай экспортталды. Бұл есепті жылдың жоспарымен салыстырғанда 101,8 пайызға орындалған», - деді Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар