Қазақстан өткен жылы 56 млн доллардың балық өнімдерін экспорттады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан өткен жылы құны 56 млн АҚШ доллары болатын 24,6 мың тонна балық өнімдерін экспорттады. Бұл жайында ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соның ішінде Қытайға 2,9 мың тонналық балық өнімдері сатылған. Қазіргі уақытта ел аумағында 11 кәсіпорынның Еуропалық Одаққа балық өнімдерін экспорттау құқығы бар», - деп жазады Сәкен Ділдахмет.

Оның келтірген мәліметіне сүйенсек, Қазақстан мен Қытай арасындағы нарықтың аясын кеңейту мақсатында ветеринарлық сертификат келісілген. Оның үстіне ҚХР тізіміне 41 қазақстандық кәсіпорын енгізілген. Сонымен бірге, тізімге ену туралы тағы 10 отандық кәсіпорынның өтінімі қаралып жатыр.

«2018 жылы балық өнімдерінің импорты жалпы сомасы 70,7 млн АҚШ доллары болатын 34,3 мың тоннаны құрады. Импорттың 80 пайызы - мұхит балықтары мен теңіз өнімдері. Негізі импортерлер: АҚШ (17,9 млн АҚШ дол.), Жапония (11,7 млн АҚШ дол.), Қытай (8,0 млн АҚШ дол.), Испания (6,8 млн АҚШ дол.), Вьетнам (6,1 млн АҚШ дол.), Франция (5,4 млн АҚШ дол.), Италия (5,1 млн АҚШ дол.), Германия (4,7 млн АҚШ дол.) және тағы басқалары», - деп жазады Сәкен Ділдахмет.

Соңғы жаңалықтар