Қазақстан отандық мұнай өнімдерімен өзін толық қамтамасыз ететін болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев таяу арада қазақстандық нарық отандық мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілістегі Үкімет сағаты барасында министр Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмыстарының аяқталуы моторлық отындарға импорттық тәуелділікті төмендеткенін жеткізді.

«Бүгінде отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз етілу деңгейіне тоқталсақ, бензин бойынша 90 пайызды, дизель отыны 90 пайызды, ал авиакеросин бойынш 58 пайызды құрады. Биыл Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту аяқталады. 2018 жылы мұнай өңдеудің жалпы көлемі былтырғы жылға қарағанда, 1 млн тоннадан астамға артып, 16 млн тоннаны құрайды», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, өнімділікті арттыру тұрғысында үш МӨЗ-де жөндеу жұмыстарын басқару автоматтандырылады. Жыл сайынғы жөндеу мерзімдері 45-тен 20 күнге дейін қысқарады, ал өндірісті 45 күнге тоқтату (жөндеу жұмыстары- авт.) үш жылда бір рет іске асырылады.

Айта кетейік, биылға дейін әр зауыт жыл сайын 30-дан 45 күнге дейін жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды.

«Бұл өз кезегінде мұнай өндіруді орташа есеппен алғанда жылына 300 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Жақын арада біздің нарық толықтай отандық өніммен қамтамасыз етіледі», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар