Қазақстан осы айда Германияға тағы 20 мың тонна мұнай жеткізбек

None
Фото: kaztransoil.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы наурызда Германияға келесі 20 мың тонна мұнай транзитін жүзеге асыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бекіткен мұнайды тасымалдау кестесіне сәйкес «ҚазТрансОйл» АҚ наурыз айында Германияға «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбыры жүйесі бойынша «Адамова застава» мұнай тапсыру пункті арқылы 20 мың тонна мұнайды тасымалдауды жоспарлап отыр», - деді «ҚазТрансОйл» АҚ қоғаммен байланыс және ішкі коммуникациялар департаментінің директоры Шыңғыс Ілиясов.

Сонымен қатар аталған компания биылғы жылдың 1 тоқсанында Германияға «Адамова застава» мұнай тапсыру пункті арқылы 300 мың тонна мұнай тасымалдау үшін техникалық мүмкіндіктің барын растайды. Дегенмен оның нақты көлемі мұнай компанияларының өтініміне байланысты болмақ.

Сондай-ақ, хабарламада ақпанда елімізден Германияға 20 мың тонна мұнайдың бірінші партиясы жеткізілгені айтылған.

Бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов Германияға алғашқы мұнай партиясын ақпанның соңына дейін жөнелтілетіні туралы айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар