Қазақстан Орталық Азия елдеріне спутниктік байланыс қызметін көрсетпек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық KazSat байланыс және хабар тарату спутниктік жүйесі өзінің қызмет көрсету ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің алқа отырысында ведомствоның вице-министрі Марат Нұрғожин мәлім етті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикамыздың «KazSat-2» және «KazSat-3» жерсеріктері және жерүсті басқару кешендерінен құралған жеке ғарыштық байланыс жүйесі бар. 2023 жылы «KazSat-2» жерсерігін пайдалануға беру уақыты аяқталып, оны алмастыру үшін «KazSat-2R» ғарыш аппаратын іске қосу жоспарланған», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, «KazSat-2R» жобасының міндеті - «KazSat-2» жерсерігі арқылы жұмыс істеп отырған байланыс желілерінің жұмысын реттеп, спутниктік байланыс қызметі экспортын Орталық Азия елдеріне шығару.

«KazSat» ғарыштық байланыс жүйесі еліміздің бүкіл аумағындағы телекоммуникациялық операторлар, ұлттық компаниялар және холдингтер, мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдар цифрлық телерадио хабар тарату, Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділік, деректерді беру және корпоративтік спутниктік байланыс желілері қызметтерімен қамтамасыз етеді.



Автор: Сара Қабиқызы

Соңғы жаңалықтар