Қазақстан Орталық Азия елдеріне шекараны шегендеу тәжірибесін бөлісуге дайын – Президент

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдеріне шекараны шегендеудің тәсілдерін әзірлейтін сарапшылық алаң құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз, мемлекеттер басшылары өңірдегі әлі де сақталып отырған тұрақсыздық факторларын барынша жою үшін барлық мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді.

Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеру ісінде өркениеттіліктің, жауаптылықтың үлгісін көрсетуге тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бұның басқа жолы жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде.

Мемлекет басшысының пайымынша, проблемаларды созбаққа салу мен жылы жауып қою шиеленіске бастауы мүмкін.

«Тіпті Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған барлық күш-жігерімізді жоққа шығаруы мүмкін. Посткеңестік кеңістікте өзінің шекарасын толық делимитация жасаған мемлекет ретінде, Қазақстан, өзара тиімді шешімдер іздестіруге барынша көмек көрсетуге дайын. Нақтырақ айтқанда, шекараны делимитациялаудың өзара тиімді тәсілдерін әзірлеу үшін сарапшылар алаңын құруды ұсынамыз.

Бұл жұмысқа тәжірибелі заңгерлер, картографтар, шекарашылар және басқа да мамандарды тарту керек.

Осы істе үйлестіру міндетін Сыртқы істер министрлер кеңесіне жүктеуге болады», - деді Президент.

Айта кетейік, Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі өтіп жатыр.

Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан көшбасшылары қатысуда.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласына барғанын жазған болатынбыз.


Фото: akorda.kz


Соңғы жаңалықтар