Қазақстан Орталық Азия елдеріне бензин экспорттауды сәуірде бастайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мұнай өнімдерін Орталық Азия елдеріне экспорттауды осы жылдың сәуір айында бастамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Яғни, былтыр өңдеу қуаттылығы артып, қазіргі уақытта өнімнің сапасы еуропалық К4, К5 стандарттарына сай келеді. 2018 жылы мұнай өңдеу көлемі 2017 жылға қарағанда 8,6 пайызға артып, 16,4 млн тоннаға жеткен. Осы жылы 17,2 млн тонна мұнайды өңдеу көзделіп отыр. Яғни, бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 5 пайызға артық. Сонымен бірге, мұнай жеткізу құқығына өткен жылдан бастап «Конденсат» АҚ және «Каспий-битум» ЖШС ие болғанын айта кеткім келеді», - деді ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов Астанада «Мемлекет басшысы Жолдауында, Бес әлеуметтік бастамада атап өткен тапсырмаларды іске асыру аясында экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру, халықтың кірістерін және өмір сүру сапасын арттыру» тақырыбында өткен панельдік сессияда.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру көлемі 2018 жылы 9,4 пайызға артқан.

«Осы жылы елімізде қысқы дизельдік отынды есептемегенде отандық бензинмен және дизельдік отынмен, авиакеросинмен қамтамасыз ету деңгейі 100 пайыз болады деп күтіліп отыр. Биыл өндірістің жалпы көлемі - бензин бойынша 4,876 млн тонна, авиакеросин бойынша 694 мың тонна, дизельдік отын 4,8 млн тонна, мазут 1,8 тонна және битум 710 мың тонна болмақ», - дейді Махамбет Досмұхамбетов.

Вице-министр өз сөзінде биыл қазақстандық мұнай өнімдерін Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Өзіңіз білетіндей, қазіргі уақытта тиісті нормативті заңнамалық құжат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сәуір айында бензинді экспорттап, бензин мен дизельдік отынның импортын реттеуді ойластырудамыз», - дейді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар