Қазақстан Орталық Азия экономикалық ынтымақтастығы институтын құру келісімін ратификациялады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институтын құру туралы келісімнің маңызын айтып берді, деп хабюарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орталық Азия өңірлік даму бойынша ұйым шеңберінде шамамен 23 жыл жұмыс істеп келеміз. Бұл ұйым осындай институтты құру үшін тиісті ұсыныс берген, институтты құру үшін келісімді ратификациялауға 11 ел қатысып жатыр. 10 ел ратификация жасады, енді Қазақстан ең соңғы болып ратификациялайды. Біздің елдің соңынан ратификациялау себебі – келісім жобасын барлық елдермен келісіп шықтық, бірнеше бапты мұқият жан-жақтан қарастырдық», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Jibek Joly телеарнасының студиясында.


Министрдің айтуынша, Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институтын құруға 7 халықаралық ұйым қатысқан.

Оның ішінде Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Еуропалық банк және басқалары бар.

Аталған институттың негізгі мақсаты – біздің аймақты дамыту және инфрақұрылым салу, ол үшін елдер арасында тиісті зерттеулерді, әсіресе экономикалық бағытта талдау жүргізу керек.

«Қазақстанда институт филиалын ашу құқығы бар, бірақ оны жоспарлап отырған жоқпыз. Өйткені, оған қаражат бөлу керек, өзіміздің қаржылай үлесімізді қосу керек болады. Қазіргі таңда институт халықаралық қаржы ұйымдарынан, оның ішінде Азия даму банкінен қаржыландырылып жатыр. Әрине, филиал ашудың да бірнеше артықшылығы бар. Мысалы, елімізде бизнес-туризмді дамыту, зерттеу нарығын дамыту мүмкіндіктері ашылады. Тек қана отандық мамандар емес, халықаралық ғалымдар сол зерттеулерге қатысуға мүмкіндік алады. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, филиал ашу жоспарымызда жоқ», - деді Ұлттық экономика министрі.


Соңғы жаңалықтар