Қазақстан ормандарына жолбарыстың популяциясын қайтару қолға алынуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында басталған биоалуандылықты сақтау мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар барысында ресейлік мамандар Қазақстаның Іле-Балқаш аймағында жолбарыстың популяциясын қолға алуға даяр екендігін жеткізді. Алайда осы бастаманы іске асыру үшін қыруар қаржы қажет, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) Ресейдегі бағдарламасының директоры Екатерина Воробьеваның айтуынша, соңғы жылдары Ұйым мамандарының қатысуымен су ресурстары мен ормандарды қорғау бойынша бірнеше жоба сәтті жүзеге асты. Сол себепті бүгінде Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Қазақстанды сенімді әріптес ретінде қарыстырып отыр.

«Осы және Іле-Балқаш өңіріндегі тамаша экожүйе Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының Ресейдегі бағдарламасын жолбарыс сияқты жабайы жануарды Қазақстанға қайтаруға арналған үлкен әрі батыл бастаманы ұсынуға түрткі болды. Иә, бұл - аса батыл жоба. Бірақ соның арқасында Қазақстан жолбарысты табиғатқа қайтарған әлемдегі алғашқы мемлекет мәртебесіне ие бола алады. Жобаның орташа мерзімі - 20-25 жыл. Әрине, жолбарысты қайтару үшін тиісті экожүйені қалыптастырған жөн. Тұяқты жануарларды көбейтіп, су мен орман территорияларын кеңейту керек. Сосын Іле-Балқаш табиғи резерватын құру қажет. Әрине, мемлекет деңгейінде де қолдау жасалса игі іс», - дейді Е.Воробьева.

Маманның сөзіне қарағанда, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) Ресейдегі бағдарламасы жаңа жобаның операторы бола алады. Ал осы бастаманы қолға алу үшін бастапқы кезеңде, кем дегенде, 10 млн. еуро қажет болады.

Соңғы жаңалықтар