Қазақстан ормандарды авиациямен шолғындауға қосымша 1,8 млрд теңге жұмсамақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан ормандарды өрттен қорғау үшін авиациямен шолғындауға қосымша 1,8 млрд теңге жұмсамақ. Бұл туралы бүгін Сенаттағы «Қазақстандағы биологиялық алуантүрліліктің сақталуын заңнамалық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» атты Үкімет сағатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы облыс әкімдерімен бірге 2030 жылға дейін орманды молықтыру және ағаш өсіруді арттырудың қадамдық жоспары бекітілді. Аталған жоспарлардың аясында ормандарды молықтыру мен жасыл аймақтар құру көлемін жыл сайын 10 мың гектарға арттыру көзделген. Өткен жылы қайтадан қалпына келтірген орман өсімдігі 52,7 мың гектарды құрады. Осыған байланысты облыс әкімдіктері жоспар аясында өздеріне алған міндеттемелерін орындау бойынша шаралар қабылдауы қажет», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, ормандарды өрттен қорғаудың ең тиімді шараларының бірі алқаптарды авиациялық шолғындау болып отыр. Бұл ретте әлемнің АҚШ, Канада, Испания, Оңтүстік Корея және Ресей сынды елдері орман өртімен күресте авиацияны кеңінен қолдануға айрықша назар аударатындығы белгілі.

«Әлемдік тәжірибені сонымен қатар орман өрттерін анықтау және олармен күресте авиацияны қолдану тиімділігін ескере отырып, министрлік биылғы жылы авиациямен шолғындаланатын аумақты 8,8 млн гектардан 9,5 млн гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлады. Бұл ұшуларды 4 мың сағатқа дейін ұлғайтады. Соның арқасында Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумақтарын авиациямен шолғындауға мүмкіндік туады. Шолғындау тек ормандарды ғана емес сонымен бірге жануарлар әлемін қорғау үшін жүзеге асырылады. Бұған жыл сайын қосымша 1,8 млрд теңге қаржы қажет. Аталған мақсаттарға орай министрлік ормандарды авиациялық қорғау нормативтеріне тиісті өзгертулер енгізеді»,- деді Ерлан Нысанбаев.

Соңғы жаңалықтар