Қазақстан өңірлерінде волонтерлікті қолдауға арналған орталықтар ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа орталықтар жайлы «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Волонтерлер қозғалысының дамуы – Қазақстанның ғана қолға алып жатқан ісі емес, бүкіл әлемдегі тренд. Волонтерлік – мұқтаж адамға көмектесу тілегі ғана емес, бұл – азаматтық позицияны білдірудің амалы, қоғамды дамытуға қосылған үлес іспетті. Осындай бастамалар Қазақстанда баршылық. Біздің волонтерлік қозғалысқа қазіргі таңда 50 мыңға тарта адам тартылған. Біз әлбетте, бұл санды барынша арттыра беруіміз керек», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуына қарағанда, мемлекет волонтерлар қозғалысын қолдауға ниет білдіріп отыр.

«Әлбетте, волонтерліктің тартымдылығы мен маңызын арттырамыз. Атап айтқанда, бұл жұмыстың маңыздылығын түсіндіре отырып қарқынды жұмыс жүргізіледі. Бұл жерде әңгіме тек жастар турасында айтылып отырған жоқ. Біздің мақсат – корпоративті және «күміс» волонтерлікке серпін беру. Бұл дегеніңіз іске үлкен жастағы азаматтарды тарту дегенді білдіреді. Аймақтарда волонтерлік істі қолдауға арналған орталықтарды көздейміз. Олар ірі жеті бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Осынау бағыттардың бәрін келесі жылдың басында таныстырамыз», - деді ол.

Десе де, министр бағыттардың қандай болатынын шамамен тұспалдап айтып өтті.

«Мәселен, білім саласында мынадай бағыт болады: ауыл мектептерінде 11 сыныпты бітірген баланы ҰБТ-ға дайындап, ағылшын тілін оқытып, компьютерлік білімін арттыру үшін волонтерлік көмек көрсетіледі. Сонымен бірге, волонтерлер балабақшадағы балаларға көмек қолын созады. Сонымен қатар, медициналық волонтерлікті де дамытқымыз келеді», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік жұмыстардың негізгі бағыттарын атаған болатын.

Соңғы жаңалықтар