Қазақстан өнімдерін БАӘ-ге экспорттау мүмкіндігі молайды
2022 жылғы 22 қыркүйек 08:22

Қазақстан өнімдерін БАӘ-ге экспорттау мүмкіндігі молайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың БАӘ-ге сапары аясында Қазақстан өнімдері экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беретін келісім жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан стандарттау және метрология институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті ҚазСтандарт Gulf TEC Certification – өнімнің парсы шығанағы елдерінің талаптарына сәйкестігін бағалау саласындағы кәсіпорынмен келісімге қол қойды. Бұл келісім БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар, Кувейт, Оман жеткізушілерінің тізіліміне қосу рәсімін айтарлықтай жеделдетуге, саудадағы техникалық кедергілерді алып тастауға, отандық өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, 30-дан астам қазақстандық өндірушілер БАӘ-ге экспортты жүзеге асырады, олардың 9-ы – ресми тізілімге енгізілген тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер. Өндірушілер бүгінгі күні елден шықпай-ақ, Халал сертификатын ала алады», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.

Қазақстан БАӘ халықаралық аккредиттеу орталығынан Халал өнімдерін сертификаттауды жүргізуге «ҚазСтандартты» аккредиттеу туралы ресми құжат алды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары – Президент Әкімшілігінің министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен кездесу өткізді.

Екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен экономиканың түрлі секторларында жалпы сомасы $900 млн болатын бірқатар екіжақты коммерциялық құжаттарға қол қойылды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT