Қазақстан өнерпаздарының қатысуымен Мәскеуде шығармашылық кеш өтті

None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Мәскеудің ұлттар үйі сахнасында Қазақстан мен Ресейдің мәдени әріптестігіне арналған «Достық әуені» шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Жас опера әншісі, Гнесиналар атындағы Ресей музыка академиясының түлегі, халықаралық байқаулар лауреаты Айгерім Темірбаева музыкалық кештің басты кейіпкері ретінде өнер көрсетті. Ол қазақ, орыс және италиян тіліндегі классикалық шығармаларды, яғни тыңдарманға жақсы танымал атақты опералар партияларын, сондай-ақ лирикалық және эстарадалық әндер орындады.

Концерт ұйымдастырушысы, Мәскеу ұлттар үйі мәдени-ағарту жұмыстары және аймақаралық мәдени әріптестік жөніндегі бөлімінің шығармашылық жанрлары бойынша маманы Гүлнар Исакова атап өткендей, шараның мақсаты – Қазақстан мен Ресей халқының достық байланысын нығайту.

«Бағдарламаның мазмұны қазақ, орыс және италияндық музыка мәдениетімен және орындаушылардың шығармашылық талантымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Бұл – баршаға қуаныш пен әдемілік, сондай-ақ мерекелік көңіл күй және Айгерім Темірбаева мен оның әріптестерінің шығармашылығын тамашалау мүмкіндігін сыйлайтын кеш», - деді ол.

Сонымен бірге, арнайы шақырылған Гнесиналар атындағы РМА концертмейстері, халықаралық байқаулар лауреаты Елена Минько, Гнесиналар атындағы РМА шәкірті, халықаралық байқаулар лауреаты Диана Шайымқұлова да өнер көрсетіп, әлемдік классиканың шедеврлерін орындады.


Соңғы жаңалықтар