Қазақстан өлкетанушыларының тұңғыш одағы құрылды
«Тұңғыш рет құрылған Қазақстанның өлкетанушылар одағы өз ісіне шын берілген, Қазақстан тарихының қайта түлеуіне өмірін арнаған нағыз мамандардың басын қосатын қоғамдық ұйымға айналады деп сенемін», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
«Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы аталған одақтың өлкетанушылардың бірқатар мәселелерін шешуге септігі тиетінін ерекше атап өтті.
«Бұл одақ өлкентану жұмыстарына үлкен серпін беруі керек. Министрлік (Мәдениет және спорт министрлігі - ред.) құзырында көптеген мүмкіншіліктер бар. Әсіресе, өлкетанушылардың шығара алмай жүрген еңбектерін, кітаптарын және өзге де шығармашылық туындыларын жинақтап, сериялық кітаптар шығару мәселесін бүгін министрлікпен талқыладық», - деді ол.
Айта кетейік, Қазақстаның киелі жерлерінің картасы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған негізгі идеяларды жүзеге асыру аясында қолға алынды. Президент Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да орындарды өзара сабақтастыруды тапсырды.