Қазақстан оқушылары Еуропа олимпиадасының жүлдегерлері атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан оқушыларының олимпиада құрамасы география пәнінен өткен Еуропа олимпиадасында күміс және қола медаль жеңіп алды. Білім сайысы 18-21 маусым аралығында Сербияда онлайн форматта өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зияткерлік байқауға 13 елден 152 оқушы қатысқан. Ақтөбе мен Шымкентте республикалық олимпиадада топ жарған үш оқушы Қазақстан атынан байқауға қатысты. Оларды халықаралық сайысқа география ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Г.Нүсіпова дайындаған.

Жазбаша, мультимедия тестілер мен практикалық турдың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынына екі медаль түсті. Рустам Валеев «күміс» алса, Еркебұлан Тазабек «қолаға» қол жеткізді. Ал құраманың тағы бір мүшесі Бейхан Мұқановқа байқау сертификаты берілді.

«Бұл олимпиада оқушылардың географиялық және экологиялық зерттеулерге қызығушылығын арттырады. Зияткерлік жарыс жас географтар үшін биылғы бірінші ірі сынақ әрі тамыз айында өтетін халықаралық олимпиадаға қатысатын баспалдақ болды. Жуықта ғана шәкірттеріміз информатика пәнінен өткен олимпиадада төрт қола медаль жеңіп алды», - дейді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.

Айта кетейік, бұл зияткерлік сайысқа Қазақстан оқушылары осымен үшінші жыл қатысып отыр. Былтыр да оқушыларымыз бір күміс және бір қола жеңіп алған болатын.


Соңғы жаңалықтар