Қазақстан ОА елдеріне экспортын 1 млрд долларға дейін ұлғайта алады - Тоқаев

None
None
ТҮРІКМЕНБАШЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Орталық Азия елдеріне экспорттық тасымалды 1 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайта алады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ОА елдері басшыларының Консультативтік кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президенттің айтуынша, әлем елдері күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Ауғанстандағы қазіргі жағдай ерекше алаңдатып отыр. Коронавирус індеті жағдайды одан сайын ушықтыруда. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кезеңде Орталық Азияда тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақ елдері бірлесіп әрекет етуі тиіс деп санайды.

«Елдеріміз арасындаңы тауар айналымын арттыру, оның құрылымын жақсарту және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейту бойынша жұмысты жандандыру қажет. Қазақстан Орталық Азия елдеріне экспорттық тасымалды 1 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайта алады. Мұндай қор аймақтың басқа да елдерінде бар екеніне сенімдімін. Орталық Азияның көлік дәліздеріне интеграцияланған тауар өткізудің бірыңғай желісін құруда күш жұмылдыруды ұсынамыз. Бұл көтерме-бөлу және агрологистикалық орталықтардан тұратын жаңа инфрақұрылым тауарларымызды Еуразия экономикалық одақтың, ТМД және үшінші мемлекеттердің нарығына шығаруға мүмкіндік береді. Маусымаралық кезеңде өз нарығымызды да ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы табысты серіктестіктің үлгісі ретінде Қазақстан мен Өзбекстанның ортақ шекарасында құрылған «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев президенттерді аймақтық экономиканың стратегиялық маңызды салаларына инвестиция тарту үшін күш-жігерді біріктіруге шақырды.

Президент ұлттық экономикаларды инновациялық-цифрлық платформаға ауыстыру дамудың баламасыз жолы деп атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанда өнеркәсіпті, энергетика, көлік және әлеуметтік салаларды цифрландыру, «ақылды» қалаларды дамыту жобалары белсенді жүзеге асырылып келе жатқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар