Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.01 eur/kzt 490.15

    rub/kzt 7.81 cny/kzt 70.64
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Қазақстан Нидерландының жылыжай технологияларын енгізуге ниетті

2022 жылғы 18 маусым 04:29

АМСТЕРДАМ. ҚазАқпарат – Амстердамда GreenTech Week көрмесі аясында «Жылыжайларды дамыту мүмкіндіктері» атты конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат KAZAKH INVEST баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Елшісі Асқар Жұмағалиев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, Dutch Greenhouse Delta Бас директоры Эрик Эгбертс және екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты.

Әбілхайыр Тамабек Қазақстанның жылыжай секторын дамыту үшін Нидерланды Корольдігінің жылыжай шаруашылығында пайдаланылатын жоғары технологияларды енгізу - жаңа серпін беретінін айтты.

Конференцияға спикерлердің жартысы тікелей қатысса, кейбірі бейнебайланыс арқылы қосылды. Мәселен, елордадан байланысқа шыққан KAZAKH INVEST Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғалиев екі жақты ынтымақтастық, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.

Қатысушылардың пікірінше, Қазақстанға нидерландылық кәсіпорындардан технологияларды сатып алған қолайлы. Нидерланды біздің елге инвестиция құятын серіктес елдер арасында жетекші орынға ие. Атап айтқанда, соңғы 10 жылда Корольдіктен Қазақстанға бағытталған тікелей инвестиция көлемі 77,5 млрд долларды құрады.

Еліміздің тарапынан Амстердамға салалық ведомство өкілдерімен қатар нидерландылық бағбандармен іскерлік байланыс орнатуға мүдделі 15 отандық кәсіпкер барған. Олар алдағы бірнеше күнде Нидерландының бірқатар жетекші жылыжай кәсіпорындарын аралайды. Әсіресе, азық-түлік өнімдерін қауіпсіз өндіретін жылыжайлардағы озық технологиялар және жобалармен танысады.

Сапарды Қазақстанның Нидерландтағы Елшілігі мен KAZAKH INVEST Ұлттық компаниясы бірлесіп ұйымдастырған.


Автор:

Әлихан Асқар

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары