Қазақстан неміс туристерін қайран қалдырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Германиядан келген саяхатшылар Райнхард пен Ингрид Кизелдерді еліміздің табиғаты, қазақтың ұлттық мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі таң қалдырды, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.

Шартарапты шарлап жүрген Райнхард пен Ингрид Кизелдер Астанаға да ат басын тіреді. 100 күнде мыңдаған шақырымды еңсерген саяхатшылар 9 мамырда Гамбургтен шығып, осы күнге дейін Мәскеу, Қазан, Новосібір, Владивосток, Ұланбатыр секілді қалаларда болған.

«Біз 2014 жылы зейнетке шықтық. Содан бері жаһан кезіп жүрміз. Әр халықтың мәдениетімен һәм тұрмыс-тіршілігімен танысқымыз келеді. Бүгінгі ермегіміз осы», - дейді Райнхард Кизел.

Отбасылық жұп осы күнге дейін 20-дан астам мемлекетте болған. Шағын автобуспен Солтүстік және Оңтүстік Американы да аралап шығыпты.

«Біз Астанада «Бәйтерек», Тәуелсіздік сарайы, Үкімет үйі мен ЭКСПО-ны көрдік. Мұндағы ғимараттардың көркі көз тартады. Ақиқатын айту керек, әсіресе мені жергілікті тұрғындар таңғалдырды. Қазақстандықтар - өте қонақжай халық. Жол бойы бізге көмек қолын созып, әркез қолдау көрсетуге тырысты», - дейді германиялық саяхатшы.

Еуразияға саяхатты неміс отбасы Германия мен барлық мемлекеттер арасындағы достығына арнады. Жаһанкездердің бұл турнесі қазан айында аяқталады.

Соңғы жаңалықтар