Қазақстан нарығына дәрі-дәрмектің 117 түрі жіберілмеді - министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазіргі кезде елімізде ресми тіркеуде 7,5 мың дәрілік препарат тұр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сапаны бақылау жүйесі дәрі-дәрмекті даярлау сәтінен бастап халыққа жеткенге дейінгі аралықты қамтитынын атап өткім келеді.

Осы орайда тіркеу кезінде сараптама жүргізу, елге әкелу кезінде олардың сапасын бағалау, сондай-ақ препараттардың нарықтағы айналым процесінде дәрілік әрі медициналық заттардың қауіпсіздігін және сапасын бақылау жұмысы жүзеге асырылады. Қазіргі кезде елімізде 7,5 мыңға жуық дәрілік препарат пен 11 мыңнан астам медициналық бұйым тіркелген», - деді Ж.Бүркітбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығы жыл сайын дәрі-дәрмекке қатысты 6 мыңға жуық сараптама және медициналық бұйымдарға 5 мыңға жуық сараптама жүргізеді. Оның ішінде 2022 жылы дәрі-дәрмектің 117 атауына және медициналық заттардың 164 атауына теріс қорытынды жасалды, яғни олардың нарыққа жіберілуіне рұқсат берілмеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында сенатор Ақмарал Әлназарова сапасыз дәрілік заттардың импортына тосқауыл қоюға қатысты ұсыныс айтты.


Соңғы жаңалықтар