Қазақстан мұнай өндіру көлемін арттырады - Энергетика министрі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мұнай өндіру көлемін арттырады. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Орта мерзімді кезеңде ірі жобалар елдің экономикалық өсіміне елеулі үлес қосады. Мұнай өндіру көлемі жыл сайын өсетін болады және 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш жылдық мәнде 104 млн тоннадан асады», - деді министр.

Оның айтуынша, мұнай өндіру секторында Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнайгаз жобалары өсім драйвері болып қалуда. 2017 жылы Қашағанды өндірістік игеру деңгейі басталғалы, елімізде мұнай өндіру 2016 жылдағы 78 млн тоннадан 86,2 млн тоннаға дейін өсті. 

«Оның ішінде Қашағанда өткен жылы 8,3 млн тонна мұнай өндірілді. Осы арқылы өнім өндірудің жылдық деңгейі жаңа межеге көтерілді», - деп атап өтті Бозымбаев.

Белгілі болғандай, биылғы төрт айда мұнай өндіру көлемі елімізде 30 млн тоннаға жетіп, былтырғы сәйкес кезеңге қарағанда 6 пайызға өсті.

«Ағымдағы жылы мұнай өндіру 87 млн тонна деңгейінде қалыптасады деп күтілуде. Бұл біздің алдын ала болжамымыз. Дегенменде, аталған көрсеткіш біршама артықтау болады деген ойдамыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар