Қазақстан мұнай өндірісін неліктен азайтты - министрдің жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде қаңтар-шілде айларында 51,5 млн тонна мұнай және конденсат өндірілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша мұнай және конденсат өндіру көлемі 51,5 млн тоннаны құрап, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 пайызға төмен болды. Өндіріс көлемі жоспарының орындалмау себебі - коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында көптеген елдерде карантин енгізілуі», - деді министр.

Оның түсіндіруінше, коронавирус індетіне байланысты әлемдік экономикалық белсенділік төмендеп мұнай және мұнай өнімдерінің жаһандық ұсынысы тез артып кеткен.

«Баланстың бұзылуына мұнай мен мұнай өнімдерінің әлемдік жинақтарының қарқынды өсуі де елеулі әсер етті. Осындай қажеттілікті қамтамасыз етуге мұнай қоймалары көлемінің жетіспеушілігі өндірісті тоқтату қаупін туындатты. Мұнай қоймаларының толып кетуін болдырмау мақсатында өндіруді қысқарту жөніндегі шаралар қабылданды. Мұнай экспорты 42 млн тоннаны құрады. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда - 104 пайыз», - деді Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар