Қазақстан министрлері сайлауда өз таңдауын жасап жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кезектен тыс президент сайлауында өз учаскесіндегі алғашқылардың бірі болып Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз таңдауын жасағаннан кейін министр ел бойынша Қарулы күштерге қатысы бар 130 мыңға жуық адам дауыс беріп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі таңда әскери бөлімдер мен мекемелер аумағындағы 20 сайлау учаскесінде мерзімді қызметтегі сарбаздар мен курсанттар дауыс беріп жатыр. Қарулы күштерден барлығы 130 мыңға жуық әскери қызметші, азаматтық персонал және олардың отбасы мүшелері дауыс беруге қатысуда», – деді Руслан Жақсылықов.

Фото: gov.kz

Ал ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Әділет министрі Қанат Мусин №66 мектеп-лицейде орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өзі тіркелген сайлау учаскесіне дауыс берушілер көп келіп жатқанын жазды.

«Азаматтық парымызды өтеп, таңдауымызды жасадық. Біз тіркелген сайлау учаскесіне дауыс беру үшін келіп жатқандар көп. Елімізге қайырлы болсын», - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Фото: facebook.com/darhan.hidirali


Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек дауыс беруге жұбайымен бірге барғанын жазды.

«Бүгін ел қатарлы сайлау учаскесіне барып, жұбайым екеуміз дауыс бердік. Ел ертеңі үшін өз таңдауымызды жасадық. Себебі сайлауда әркімнің дауысы маңызды деп есептеймін. Туған еліміз - Қазақстанымыздың ішкі мәселелерін сырттан ешкім шешпейтінін, мемлекетімізді бізден басқа ешкім дамыта алмайтынын мойындайық. Барлығы өз қолымызда. Өз елінің саналы, кемел, белсенді азаматы болу – нағыз патриотизмнің көрсеткіші. Бұл үлкен жауапкершілік», - дейді Саясат Нұрбек.

Фото: facebook.com/sayasat


Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов де отбасымен барып дауыс берді.

Министр елдегі бүкіл педагогтер мен білім саласының қызметкерлерін, студенттерді, барша қазақстандықтарды сайлауда өз таңдауын жасауға шақырды.

Фото: facebook.com/askhat.aimagambetov


Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин дауыс беруге баласын көтеріп барды.

«Бүгінгі таңымыз азаматтық борышымызды өтеуден басталды. Кішкентайымызбен бірге сайлау учаскесіне барып, еліміздің болашағы үшін өз дауысымызды бердік», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Фото: instagram.com/bagdatmussin

Ал Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өзі тіркелген сайлау учаскесіне көтеріңкі көңіл күймен келгенін жазды. Оның пайымынша, президент сайлауында әркімнің дауысы маңызды.

«Бүгін біз бүкіл ұлтымыз бен мемлекетіміз үшін еліміздің азаматтарының өркендеуі мен әл-ауқатының іргетасына айналатын реформалар мен өзгерістерді қолдап, шешуші таңдау жасаймыз», - деп жазды министр.

Фото: facebook.com/Giniyat Azhar

Экология министрі Серікқали Брекешев бүгін өзінің азаматтық таңдауын жасады. Ол Астанадағы нөмірі 117-ші учаскіге барып дауыс берді.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясының берген мәліметіне сүйенсек, елімізде дауыс беру құқығы бар 11 827 277 азамат тіркелген. Олар республика аумағында орналасқан 10 101 сайлау учаскесінде дауыс береді. Ал 53 шет мемлекеттегі 68 учаскеде 12 527 Қазақстан азаматына дауыс беру мүмкіндігі жасалған.

Еліміздегі 86 учаскеде дауыс беру өзге учаскелерден 1 сағат бұрын басталды.

Бұған дейін ОСК кезектен тыс президент сайлауының барысын 641 халықаралық байқаушы қадағалайтынын мәлім еткен еді.

Орталық сайлау комиссиясы сағат 10.05-ке дейін қанша қазақстандық дауыс бергенін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар