Қазақстан мен Жапония арасындағы инвестицияларды көтермелеу туралы келісім қабылданды - Парламент

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Келісімге 2014 жылдың 23-і қазанында Астанада Қазақстан мен Жапония Экономикалық ынтымақтастық және үкіметтік-жеке секторлардың бірлескен комиссиясының бесінші отырысында қол қойылған болатын.

Құжаттың мақсаты инвестициялық климатты жақсарту және елдер арасында өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту болып табылады. «Құжатқа қол қою үшін тараптар 18 жыл келіссөздер жүргізді. Жалпы 2005 жылдан бері Жапониядан Қазақстанға 4,5 млрд доллар тікелей инвестиция тартылған. Ал елімізде Қазақстан-Жапон бизнесінің қатысуымен 50-ден астам бірлескен компания жұмыс істейді», - деді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев. Айта кетерлігі, келісімге сәйкес, екінші Тарап инвестордың инвестицияларын экспроприацияланған және мемлекет меншігіне айналдырған кезде оған өтемақы төленетіні көзделеді. Бұл кідіріссіз төленуге және төлем мерзіміне дейінгі уақыт кезеңі ескеріле отырып, әділ нарықтық мөлшерлеме бойынша пайызды қамтиды. Сонымен қатар келісімді жүзеге асыру үшін тараптар бірлескен комиссия құратын болады. Бірлескен комиссия функциясына келісімді атқару және жүзеге асыру туралы ақпарат алмасу, сонымен қатар инвестициямен байланысты басқа да мәселелерді талқылау кіреді. Бұл өз кезегінде тараптардың арасында инвесторлар үшін жағымды ахуал құруға септігін тигізбек. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Соңғы жаңалықтар