Қазақстан мен Жапония арасында инвестициялық ахуал жақсаратын болады - Мәжіліс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Келісімге 2014 жылдың 23-і қазанында Астанада Қазақстан мен Жапония Экономикалық ынтымақтастық және үкіметтік-жеке секторларының бірлескен комиссияның бесінші отырысында қол қойылған болатын.

«Дегенмен, бұл құжатқа қол қою үшін тараптар 18 жыл келіссөздер жүргізді. Келісім инвестициялық ахуалды жақсартуға, инвестицияларды өзара қорғауға және екі ел арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған»,-деді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.

Оның айтуына қарағанда, келісімді жүзеге асыру үшін тараптар бірлескен комиссия құратын болады. Бірлескен комиссия функциясына келісімді атқару және жүзеге асыру туралы ақпарат алмасу, сонымен қатар, инвестициямен байланысты басқа да мәселелерді талқылау кіреді. Бұл өз кезегінде тараптардың арасында инвесторлар үшін жағымды ахуал құруға септігін тигізбек.

Айта кетейік, мәліметтерге қарағанда, 2005 жылдан бері Жапониядан Қазақстанға 4,5 млрд доллар тікелей инвестиция тартылған. Ал елімізде Қазақстан-Жапон бизнесінің қатысуымен 50-ден астам бірлескен компания жұмыс істейді.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.

Соңғы жаңалықтар