Қазақстан мен Вьетнам арасында әуе рейсі қайта ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Вьетнам Социалистік Республикасының авиациялық билік орындарымен бірлесіп, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерін қайта қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған комитеттің Facebook парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, вьетнамдық «Vietjet Air» ірі әуе компаниясы алдағы қыркүйек айының соңынан бастап Airbus А-330 үлгісінде әуе кемесімен аптасына 2-3 рет жиілікпен Камрань – Нұр-Сұлтан және Камрань – Алматы бағытында тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды жоспарлап отыр.

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

«Vietjet Air» - Вьетнамның төмен бюджетті әуе тасымалдаушысы. Әуе компания рейстерді 2007 жылы бастады. 19-дан астам бағыт бойынша әлемнің 10 еліне (Сингапур, Малайзия, Мьянма, Индонезия, Камбоджа, Тайвань, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония және Үндістан) халықаралық рейстерді орындайды. Компания паркінде Airbus А320, A321, А321 neo, А330 үлгісіндегі 78 әуе кемесі бар.


Соңғы жаңалықтар