Қазақстан мен Ұлыбритания стратегиялық ынтымақтастыққа бейімділігін растады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Британдық тараптың бастамасымен Қазақстан Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка істері жөніндегі Мемлекеттік министрі Кристофер Пинчермен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы ҚР СІМ-нен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр британдық саясаткерді оның жақында болған тағайындалуымен құттықтап, британдық Үкімет пен Сыртқы істер министрлігінің жаңа басшылығымен конструктивті қарым-қатынастардың одан әрі дамуына қызығушылықты атап өтті.

«Тараптар екі мемлекет арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мен кеңейтуге өзара қызығушылықты растап, алдағы мерзімде жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жоспарларды қарастырды. Атап айтқанда, күзде Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі стратегиялық диалогтың және Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырыстары, сондай-ақ биылғы. қазанда Лондонда «Kazakhstan Global Investment Forum - 2019» инвестициялық форумы жоспарлануда», - делінген ведомство ақпаратында.

Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың экономикалық тұсын нығайту, қаржы және логистика салаларындағы серіктестікті кеңейту үшін Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін барынша тиімді қолдану қажеттігін атап өтті.

Мәдени-гуманитарлық және білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту, соның ішінде қазақстандық жастар үшін Ұлыбританияның жоғары және орта оқу орындарында білім алу мүмкіндіктерін арттыру, сондай-ақ екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту маңыздылығы айтылды.

Ұлыбритания тауар айналымы бойынша Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің ондығына кіреді. 2018 жылы екіжақты сауда 1,2 млрд АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар, Ұлыбритания Қазақстанның алты ең ірі инвесторлары қатарына кіреді. 2005-2018 жылдары тікелей шетел инвестицияларының көлемі 13 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстанда британдық қатысумен 800-ден аса компания тіркелген. Ағымдағы жылы Қазақстанға Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка істері жөніндегі Мемлекеттік министрі Алан Данкан және Ұлыбритания Премьер-Министрінің Қазақстан бойынша сауда уәкілі Баронесса Эмма Николсон сапармен келіп кетті.

Соңғы жаңалықтар