Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы рейстер саны артып келеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 24-25 мамырда Лондон қаласында Қазақстан мен Ұлыбританияның авиациялық билігі арасында келіссөздер өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Қазақстан тарапынан делегацияны Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Т. Ластаев, Ұлыбритания тарапынан көлік департаменті басшысының орынбасары Д. Беван басқарды.

«Эйр Астана» әуе компаниясының екі елінің авиациялық билік орындары арасындағы қолданыстағы уағдаластықтарға сәйкес 15 маусымға дейін уақытша негізде аптасына 5 рейс жиілігімен Алматы - Лондон - Алматы бағыты бойынша тікелей рейстерді орындауға рұқсат етілді.

Келіссөздердің маңыздылығы мен күрделілігі «Эйр Астана» әуекомпаниясының рейстері орындалатын қолданыстағы уағдаластықтардың мерзімі аяқталуында болды. Келіссөздер барысында келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, «Эйр Астана» әуекомпаниясы Алматы - Лондон бағыты бойынша рейстердің бір бөлігін тоқтатуға мәжбүр болар еді.

Келіссөздер нәтижесінде екі ел арасындағы құқықтық база нығайтылып Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы рұқсат етілген рейстер саны артты:

- Астана қаласы мен Ұлыбританиядағы кез келген пункт арасында аптасына 7 ретке дейін;

- Алматы қаласы мен Ұлыбританиядағы кез келген пункт арасында аптасына 7 ретке дейін;

- Қазақстанда енгізілген «ашық аспан» режиміне сәйкес ауа еркіндігінің 5 дәрежесін қоса алғанда, тұрақты емес негізде аптасына 7 жүк рейсіне дейін.

Қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде «Эйр Астана» әуекомпаниясы осы жылдың соңына дейін Лондонға орындалатын рейстер санын аптасына 7 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы рейстер санының артуы елдер арасындағы туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар