Қазақстан мен Украинаның жоғары қаржы бақылау органдары Төтенше жағдайлардың алдын алудағы ынтымақтастық туралы келісімінің рөлін көтеруді ұсынады

None
None
АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның және Украинаның жоғары қаржы бақылау органдары Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларға ден қою саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық Қазақстан-Украина келісімінің рөлін көтеруді ұсынды.


Бұл туралы ҚазАқпарат Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазақстанның Есеп комитетінің Төрағасы Омархан Өксікбаев пен Украинаның Есеп палатасының Төрағасы Валентин Симоненко төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген параллелді аудиттің қорытындысы бойынша бірлескен шешімге қол қойды. Құжатта жоғары қаржы бақылау органдары әртүрлі төтенше жағдайлардан халықты қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің төмен екендігіне назар аударылды.  Тиісті қызметтердің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы уәкілетті органдардың байланыс жүйесін, хабарландыру мен ақпараттандыру жүйелерін дамыту жөніндегі жұмыстарды жеткілікті дәрежеде жүргізбей отырғандығы да  аталып өтті», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Қазақстанның Есеп комитетінің және Украинаның Есеп палатасының бағалауынша, өрт сөндіруші, аэроұтқыр және шұғыл-құтқару қызметтерінің материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиімсіз ұйымдастырылған. Бұл төтенше жағдайлардан туындайтын қауіп-қатерге ден қойып жедел әрекет етуге теріс ықпалын тигізуде.

 Сонымен бірге, құжатта: «Төтенше жағдайлар саласы бойынша оның бүкіл жүйесінің қызметін қамтамасыз етуге тиісті нормативтік құқықтық негіз жетілдірілмегендіктен әрі ол біртұтас болмағандықтан халық пен ел аумағын техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғауға қатысты белгілі бір іс-шараларды орындауға мүмкіндік болмай отыр», - деп көрсетілген. Осы мәселелерге орай, екі мемлекеттің  жоғары қаржы бақылау органдары екі елде де төтенше жағдайларға қарсы іс-әрекет жасауға қатысты мемлекеттік жүйе жұмысының нормативтік құқықтық негізін жетілдіру қажет деп есептейді.

Сонымен қатар, Украинаның Министрлер Кабинеті мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларға ден қою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге баса мән беру ұсынылады. Сондай-ақ екі мемлекеттің де үкіметтеріне және төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларға ден қою саласындағы уәкілетті органдарына аудит (бақылау) барысында анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қолдану ұсынылып отыр.

Қазақстанның Есеп комитеті мен Украинаның Есеп палатасы апат зардаптарының алдын алуға және оларды жоюға бөлінген қаражат аудиті мәселелері бойынша EUROSAI арнайы тобының жұмысы аясында екі елдің мүдделерін көздейтін параллель аудит өткізу жөніндегі бірлескен қызметті жалғастырады.

Төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың параллель тиімділік аудиті Қазақстанның Есеп комитеті мен Украинаның Есеп палатасының арасында 2006 жылы Киев қаласында жасалған Ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілді.

Соңғы жаңалықтар