Қазақстан мен Украина полицейлері бірлескен тергеу топтарын құрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шартқа 2018 жылдың 29 қазанында қол қойылған.

«Жалпы, қазір екі ел арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек 1993 жылғы Минск конвенциясына сәйкес жүзеге асырылады. Алайда аталған конвенцияға қол қойылған уақыттан бері заңнама мен сот-тергеу тәжірибесі өзгерді. Украинада көптеген өзгерістер бар.

Конвенция мен ұсынылып отырған шарт арасында ешқандай қайшылық жоқ. Керісінше олар бір-бірін толықтырады, біраз норманы нақтылайды», - деді ҚР Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Оның сөзіне қарағанда, шарт күдікті мен айыптының кінәсін дәлелдеуге бағытталған кешенді процессулдық әрекеттерді жүргізуді қарастырады.

«Құжат екі елдің құзырлы органдарына күдікті мен айыпталушының кінәсін дәлелдеу бойынша кешенді тергеу жасауға құқық береді.

Мұндай екіжақты шарт 27 елмен бар. Бұл келісімнің бірқатар ерекшелігін айтар болсақ, алдымен құжат құқық қорғау органдарының украиналық әріптестермен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік береді. Бұл екі жақ үшін де маңызды норма және қылмыспен күрес бағытында өзара сенімді білдіреді. Одан басқа тергеу жұмысының жеделдігін арттырады. Тағы бір ерекшелік, шарт бойынша қажет жағдайда бірлескен тергеу топтарын құруға болады», - деді ол.

«Шартты ратификациялау экономикалық-әлеуметтік және саяси кері әсер етпейді. Оны іске асыру бюджеттен қосымша қаржы талап етпейді», - деді Марат Ахметжанов.

Сенат депутаттары аталған құжатты талқылаудан кейін қабылдады.


Соңғы жаңалықтар