Қазақстан мен Украина білім беру саласында ынтымақтастықты нығайтуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Қазақстанның жоғары оқу орнына дейінгі және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорлары кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов бастаған қазақстандық делегация украиналық серіктестермен бірқатар жемісті кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесулер Қазақстанның Украинадағы Елшілігінің қолдауымен өтті. Украина ректорлар Одағының президенті Леонид Губерскиймен кездесу барысында білім беру және ғылым салаларындағы кең ауқымды мәселелер талқыланды. Тараптар екі елдің жоғары білім беруді дамытудың қазіргі заманғы үрдістері туралы ақпарат және білім беру сапасын арттырудағы тәжірибемен алмасты.

Е.Сыдықов жоғары оқу орындарын оңтайландыру мәселесіндегі қазақстандық тәсілдер және Қазақстанның жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорлар кеңесінің рөлі туралы айтып берді. Сонымен қатар қазақстандық өкіл украин тарапымен ынтымақтастықты арттыру үшін бірқатар нақты ұсыныстар енгізді.

Осы тұрғыдан алғанда, Л.Губерский екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы жақсы, берік тарихи байланысты атап өтті, 90-нан астам украиналық жоғары оқу орындары Қазақстанның 60-қа жуық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісім жасасқан.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларының кеңесі мен Украинаның Жоғары оқу орындары ректорларының Одағы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Ректорлар бірлестіктерінің бірлескен отырысын ұйымдастыру мүмкіндігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Т. Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінің ректоры Владимир Бугровпен

кездесуде тараптар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты арттырудың практикалық қадамдарын талқылады.

Атап айтқанда, қос дипломды білім беруді ұйымдастыру, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам алмасу, академиялық ұтқырлық пен ЖОО арасында тағылымдаманы дамыту, іргелі ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық, оның ішінде бірлескен зертханалар мен мерзімді басылымдар құру мүмкіндігі, ғылыми зерттеулер бойынша сараптамалық қорытындылар дайындауға жәрдемдесу мәселелерін пысықтау ұсынылды.

ҚНУ басшылығымен кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы келісімді жаңарту, оны жаңа бағыттармен толықтыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, сондай-ақ қазақ тілін Киев ұлттық университетінің «Түркология» кафедрасының білім беру бағдарламасына енгізу мүмкіндігі қарастырылды.

Кездесу аясында Е.Сыдықовтың «Шәкәрім» кітабының украин тіліндегі тұсаукесері өтті. Аударманы Украина әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, ЕҰУ құрметті профессоры П. В. Токарь жасады. Кітаптар КМУу кітапханасына сыйға берілді.


Соңғы жаңалықтар