Қазақстан мен Украина арасында дипломатиялық өкілдіктерін орналастыру шарттары туралы келісім қабылданды

None
None
АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украина Министрлер Кабинетінің арасындағы

Қазақстан Республикасының Украинадағы және Украинаның Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерін орналастыру шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды. Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Аталған келісім уағдаласушы тараптардың дипломатиялық өкілдіктерінің жұмысы үшін тиесілі жағдай жасаудың объективті қажеттілігіне негізделген.

Келісімге сәйкес, Украина тарапы Қазақстанға өзінің дипломатиялық өкілдігін орналастыру үшін Киев қаласында Танковая көшесі, 4-6 мекенжайында орналасқан, алаңы 0,45 гектар жер учаскесін өзаралық шарттармен жылына 1 гривина жалгерлік ақыға 49 жылға жалға беретін болады.

Ал Қазақстан Украинаға өзінің дипломатиялық өкілдігін орналастыру үшін Астана қаласында Ш. Қалдаяқов көшесі, 2-б мекенжайында орналасқан 0,9 гектар жер телімін өзаралық шарттармен жылына 1 теңге жалгерлік ақыға 49 жылға жалға беретін болады.

Тараптардың әрқайсысының жер телімі орналасқан мемлекетте қолданылатын қала құрылысы, сәулет, экология саласындағы заңнаманы сақтай отырып, құрылыс салуды, оны пайдалануды және абаттандыруды жүзеге асыруға құқылары бар. Сондай-ақ берілетін жер телімдерін кеңейтуге, сатуға, ауыртпалық салуға, меншікке беруге, үшінші тарапқа жалгерлікке беруге құқықтары болмайды.

Соңғы жаңалықтар