Қазақстан мен Түркияның кәсіпкер әйелдері арасында байланысты нығайту мәселесі талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Түркия елдерінің кәсіпкер әйелдері арасында экономикалық байланысты нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

17 қаңтарда онлайн форматта Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының Кәсіпкер әйелдер комитетінің екінші отырысы өтті.

Іс-шараға Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Адем Кула және Кәсіпкер әйелдер комитетінің төрайымы Сақина Бабаева қатысты. Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Лаззат Рамазанова қатысты.

Ұлттық комиссия басшысы мемлекеттер арасындағы серіктестікті кеңейту және екі елдің кәсіпкер әйелдері арасындағы экономикалық байланысты нығайту бойынша нақты ұсыныстарын жеткізді.

«Өткен жылдан бері Қазақстанның барлық аймақтарында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары ашылуда. Орталықтардың жұмыс бағытының бірі – кәсібін жаңадан бастаған әйелдерді оқыту. Елдеріміз арасындағы тығыз экономикалық байланысты және әріптестіктің үлкен тәжірибесін ескере отырып, мен Түркі мемлекеттері ұйымындағы әріптестерімізді Орталықтардың онлайн платформасын тәжірибе алмасу және әйелдерге арналған тренингтер мен оқыту семинарларын өткізу үшін қолдануға шақырамын», - деді Лаззат Рамазанова.

Сонымен қатар ол 2022 жылы Қазақстан астанасында ECOJER екінші экологиялық конгресін өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Лаззат Рамазанова Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдерін конгреске қатысуға шақырып, бұл шара әйелдердің тұрақты даму мен экология салаларындағы бастамаларын таныстыру және оларды одан әрі ілгерілету үшін жақсы алаң болатынын атап өтті.

Еске салайық, 2021 жылдың қараша айында Ыстанбұл қаласында Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының Кәсіпкер әйелдер комитетінің бірінші отырысы ұйымдастырылған болатын. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті аясында өтті.


Соңғы жаңалықтар