Қазақстан мен Түркияның Бауырластық аллеясы кеңейе түсті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қос бауырлас ел – Түркия мен Қазақстан дипломатиялық қатынастарының орнағанына биыл 30 жыл толуына орай, елордадағы «Бауырластық аллеясына» 30 түп ағаш отырғызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркия елшілігіне сілтеме жасап.

«Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ержан Мұқаш мырзамен, сондай-ақ Алматы ауданы әкімінің орынбасары Рамиль Досмағамбетов мырзамен бірге 30 түп ағаш отырғыздық. Өткен жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында да 30 түп ағаш отырғызып, Қазақстан мен Түркияның «Бауырластық аллеясын» ашқан болатынбыз», - дейді Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Уфук Экиджи.

Ол бауырлас елдердің екіжақты қарым-қатынасы мен ынтымақтастық саласы жаңа серпінмен даму үстінде екеніне назар аударады.

«Өздеріңізге мәлім, жақын арада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барған болатын. Алдағы уақытта да бірқатар делегациялардың келуі, сондай-ақ екіжақты сапарлардың жүзеге асуы күтіледі. Экономикалық қатынастар жағынан сауда-саттық және инвестиция саласы жоғары деңгейде екенін көріп отырмыз. Былтыр жылдық инвестиция мөлшері бойынша рекорд орнатылды. Ал, екіжақты сауда көлемі 5 млрд доллардан асты, алдағы уақытта 10 млрд долларға жеткізуге тырысамыз. Сонымен қатар, Түркиядан Қазақстанға құйылған инвестиция мөлшері 4 млрд долларға жетті, ал Қазақстаннан Түркияға жасалған инвестиция көлемі 1 млрд доллардан астам. Саяси-экономикалық, мәдени, әскери және басқа салалардағы байланыстарымыз дамып келеді. Бұл - біз үшін зор қуаныш, мақтаныш. Биыл қазан айында Президентіміздің Қазақстанға сапармен келуі күтіліп отыр. Сондықтан, алдағы уақытта ынтымақтастығымыздың одан әрі күшейе түсетініне сенемін», - деді Уфук Экиджи.

Сондай-ақ, ол саябақта отырғызылған ағаштар мәңгілік достық пен бауырластықтың нышаны болатынына сенім білдіріп, шараға демеушілік көрсеткен түрік кәсіпкері Рамазан мырзаға алғыс айтты.

«Қазақстанның астанасы – әсем қала Нұр-Сұлтанда осындай шаралар ұйымдастыру арқылы көгалдандыруға және қоршаған ортаны қорғауға өз үлесімізді қоса береміз», - деді Елші.


Ашық көздерден алынған фото

Соңғы жаңалықтар