Қазақстан мен Түркия Транскаспий арқылы тасымалды ұлғайтуға мүдделі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Түркия Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалды ұлғайтуға мүдделі. Бұл туралы Ақордада Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөзден кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделеніп тұрғанын білесіздер. Осы орайда біз көлік-транзит саласында бірлескен нақты шаралар қажет екенін атап өттік. Бұл туралы көзқарасымыз ортақ. Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалды ұлғайтуға екі ел де мүдделі. Өңірдегі тұрақтылықты сақтау үшін бұл стратегиялық жобаның зор маңызы бар. Биыл 7 айда осы бағыт арқылы тасымалданатын жүк көлемі 2,5 есеге артып, 1 млн тоннаға жетті. Осы ретте мемлекеттеріміздің ортақ дәлізді дамытуы қазір өте маңызды», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы Түркия Президентімен жаһандағы өзекті мәселелерді талқылағанын атап өтті.

«Көптеген халықаралық мәселелер бойынша екі елдің ұстанымы өте жақын екенін баса айтқым келеді. Бұл біз үшін өте маңызды. Сонымен бірге халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз ықпалдастықты одан әрі жалғастыруға уағдаластық. Қазақстан мен Түркия - өте жақын бауырлас мемлекеттер. Біз көпжақты дипломатияны одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз. Екі елдің серіктестігі БҰҰ, Түркі мемлекеттерң ұйымы, АӨІСШК сияқты көпжақты құрылымдар аясында ойдағыдай дамып келеді», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Түркия Президентімен бірге АӨІСШК-нің 6-саммитіне қатысатынын, іс-шара барысында бұл форумды толыққанды ұйымға айналдыру үдерісі басталатынын айтты.



Фото: t.me/bort_01





Соңғы жаңалықтар