Қазақстан мен Түркия - сенімді стратегиялық әріптестер - ҚР-ның Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаев

None
None
СТАМБҰЛ. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/- Биыл қазақстандықтар үшін айтулы жыл - Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы. Осы мерзім ішінде еліміз саяси тұрақты, экономикасы дамыған, халықаралық сахнада өзіне лайықты орынға ие, әлемге танымал мемлекетке айналды. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаш таныған ел - бауырлас Түркия екені көпшілікке белгілі. Осы орайда еліміздің басты мерекесі қарсаңыңда туысқан екі ел арасындағы ынтымақтастық пен байланыстардың қазіргі жай-күйі туралы Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаевты сұхбатқа тартқан едік.

- Елші мырза, осы 20 жылдық мерзімде елімізді алғаш таныған бауырлас Түркиямен арамыздағы саяси қарым-қатынас туралы қысқаша не айтар едіңіз?

Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар алғашқы күннен бастап достық пен бірлікке бастаған тұрақты байланыстарымыздың берік негізін қалады. Түркиямен екіжақты және көпжақты қатынастарымыз тарихи тамырластығымыздан, ортақ мәдени және рухани құндылықтарымыздан нәр алады.

Қазіргі уақытта екі ел арасындағы екіжақты қатынастар жемісті дамуда және Стратегиялық әріптестік туралы шарт шеңберінде, аймақтық және жаһандық деңгейлерде халықаралық қатынастар жүйесінің маңызды факторына айнала отырып, белсенді өзара іс-қимыл жасауда.

Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы сан салалы форматта - Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес, Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммиті, Түркі тілдес мемлекеттер мәдениет министрлерінің Тұрақты Кеңесі - ТҮРКСОЙ және басқа бірлестіктер шеңберінде ойдағыдай жалғасуда.

Түркия Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлін танып, елімізді аймақтағы маңызды әріптесі санайды. Түркия Президенті А.Гүл Президент Н.Назарбаевты Түркі дүниесінің лидері ретінде таниды. Міне осының бәрі екі ел арасындағы қатынастардың жоғары деңгейін көрсетеді.

- Қазақстан мен Түркияның көпжақты ынтымақтастығының деңгейін қалай бағалар едіңіз?

Жоғарыда айтып өткенімдей, Түркиямен көптеген аймақтық, халықаралық мәселелерде көқарастарымыз бір жерде түйісіп жатады.

Атап айтқанда, Елбасымыздың бастамасымен дүниеге келген «Азия кеңесі» деген атпен белгілі Азияда өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесіне 2010-2012 жылдар аралығына төрағалықты Түркия Қазақстаннан қабылдап алып, оны табысты атқаруда.

Біздің дипломатиямыздың ірі жетістігі болып саналатын Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы кезеңінде Түркия басты қолдаушылардың қатарында болды. Астанадағы Саммитке Түркия Президенті А.Гүл бастаған жоғары деңгейдегі делегацияның қатысуы осыған куә. Қазақстанның Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалығын табысты атқаруына да Түркия барынша атсалысуда. Ү.ж. маусымда Астанада өткен ИЫҰ-ның Сыртқы істер министрлер кеңесінің 38-ші отырысына ТР Сыртқы істер министрі А.Давутоғлу арнайы қатысты. Сонымен қатар Түркияның бастамашылығымен және қазақстандық төрағалықтың жетекшілігімен тамыз айында Ұйымның Сомалиге арналған жоғары деңгейдегі кездесуі Ыстамбұлда болып өтті.

Осы бағыттағы ерекше айтып кететін оқиға - Елбасымыз Н.Назарбаевтың жалпы түркілік бірігуге қатысты ұсынған бастамаларының жүзеге асуы болып табылады. Дәлірек айтқанда, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі (Түркі Кеңесі), Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік ассамблеясы, Ақсақалдар Кеңесі және Астанада Түркі академиясы құрылып, қазіргі таңда жұмыстарын табысты жүргізуде. Түркі Кеңесінің Хатшылығы Ыстамбұлда ашылып, қызметіне кірісті. Ү.ж. қазанда Алматыда өткен Түркі Кеңесінің бірінші саммиті түркітілдес мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығы тақырыбына арналды. Бұл өз кезегінде Елбасымыздың жалпы түркілік интеграциялануға қатысты бастамаларының өміршеңдігін және өзектілігін көрсетіп отыр.

Бұдан басқа Түркия БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде 2017-2018 жылдары уақытша мүшелікке Қазақстанның кандидатурасын қолдайтындығын мәлімдеді. Қазақстан да БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне 2015-2016 жылдары уақытша мүшелікке Түркияның кандидатурасын қолдайтындығын білдірді.

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық қарым- қатынастар туралы ойыңызбен де бөліссеңіз. Келешекте екі елдің мүддесі үшін қай салаларда және қандай жобаларды іске асыру қажет деп ойлайсыз?

Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды аспектісі - сауда-экономикалық өзара іс-қимыл болып табылады.

Түркия алғашқы жылдары елімізде жеке кәсіпкерлік пен құрылыс саласының дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Қазіргі күні Қазақстанда 1400-ден астам түрік фирмасы жұмыс істеуде.

Осы жылдар ішінде Қазақстан экономикасына жалпы алғанда шамамен 2 миллиард доллар көлемінде түрік инвестициясы, Қазақстаннан Түркияға шамамен 1 миллиард доллар көлемінде инвестиция жұмсалды.

Сонымен қатар түрік мердігерлері Қазақстанда құны 15 миллиард АҚШ долларынан асатын құрылыс жобасын жүзеге асырды. Осылайша Қазақстанның Түркия экономикасына қосқан күрделі қаржысы шамамен 15 миллиард АҚШ долларына жетті.

Дегенмен де өзара жұмсалған инвестициялар екі елдің экономикалық әлеуетіне сай келмейді және әлі де барлық мүмкіндіктер толық жүзеге асырылған жоқ деген ойдамын.

Ендігі кезекте экономикалық ынтымақтастықтың барлық мүмкіндіктерін дамыту және іске асыру мақсатында біраз жобалар қолға алынуда.

Сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды жандандырудың маңызды аспектісі - тез арада Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құру және «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасына қол қою болып табылады. Олар жақын келешекте Қазақстан мен Түркия арасындағы сыртқы сауда көлемін 10 миллиард АҚШ долларына дейні ұлғайтуға және өзара іс-қимылдың экономикалық құраушысын одан әрі кеңейтуге жаңа серпін беруге бағытталған.

Түрік өнеркәсібінің және тұтасымен алғанда экономикасын дамыту локомотиві болып қызмет ететін Ұйымдастырылғаниндустриялықаймақтардықұруда Түркия орасан зор оң тәжірибе жинақтаған.

Осы орайда Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Үкіметтері арасында Қазақстанда бірлескен қазақ-түрік индустриялық аймақтарын құру туралы меморандумға қол қойылғанын атап өткім келеді.

Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен алғашқы бірлескен индустриялық аймақты ашу жөніндегі тараптардың өзара мүдделілігі ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуде. Аталған аймақ түрік бизнесінің қазақстандық рынокқа жүйелі түрде кіруіне мүмкіндік береді және біздің еліміздің қолайлы инвестициялық ахуалын жақсартуға қызмет етеді. Алғашқы бірлескен индустриялық аймақты Оңтүстік Қазақстан облысында ашу көзделген.

Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды Түркияда таныту іс-шаралары кеңінен жүргізілуде, сондай-ақ ірі түрік бизнесін елімізге тарту жұмыстары да өз жалғасын табуда.

Осылармен бірге Қазақстан экономикасының басым секторларына инвестициялар тартуға күш салынуда. Аталған жұмыстардың нәтижесінде 2011 жылы Қазақстан мен Түркия арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жанданғанын атап өтуге болады. 2010 жылы екі елдің арасындағы сауда айналымы 66 пайызға өсіп, 3,2 миллиард АҚШ долларын құраса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 4 миллиард АҚШ долларынан асады деп күтілуде. Ал осы жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 2,24 миллиард АҚШ долларын құрады.

Сонымен қатар екі ел арасында қосымша тікелей әуе қатынастарын ашу мәселесі де ойдағыдай шешілуде. Атап айтқанда, қазақстандық «Скат» әуе компаниясының Шымкент-Ыстамбұл бағытында жаңа рейсі ашылды.

Осы бағытта атап өтетін тағы бір оқиға, 2011 жылғы қазан айында Ыстамбұл қаласында ҚР Сауда-өндірістік палатасының өкілдігінің ашылуы болып өтті. Аталған қадам Қазақстан мен Түркия арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі дамуына қосылатын үлес болмақ.

Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мақсатында ү.ж. қараша айында ҚР Спорт және туризм министрі Т.Ермегияев пен ТР Экономика министрі З.Чағлаянның төрағалығымен өткен үкіметаралық комиссияның 7-ші отырысы болды. Комиссияның отырысы барысында сауда-экономикалық мәселелердің кең ауқымы, атап айтқанда сауда-экономикалық бөліктің 22 бағыты бойынша, оның ішінде өзара сауда, көлік, энергетика, өнеркәсіп, мердігерлік және консалтингтік қызмет көрсетулер, ауыл шаруашылығы, туризм, шағын және орта бизнесті дамыту, еңбек және әлеуметтік қорғау, әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысын дамыту, Қазақстанда қазақстан-түрік индустриялық аймақтарын құру, «Жаңа синергия» бірлескен бағдарламасы жобасының ережелері, сондай-ақ ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастық және т.б. қарастырылды.

Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия Президенттерінің қамқорлығы аясында қазақстан-түрік «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының жобасын талқылау жөніндегі қазақстандық және түрік жұмыс топтарының кездесуі өтті.

Жалпы алғанда Түркияның іскер топтары Қазақстанмен сауда және инвестициялық байланыстарды өзара тиімді дамытуға үлкен қызығушылық танытуда. Осы мүмкіндіктердің экономикалық әлеуетінінің дамуына зор тиімділігі болады деген ойдамын.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықпен қатар, мәдени-гуманитарлық саладағы қазақ-түрік ынтымақтастығына да тоқталып кеткім келеді.

Аталған саладағы ынтымақтастық жоғары белсенділігімен ерекшеленеді. Қазақстан мен Түркияның мәдениет, өнер қайраткерлерінің, әдебиетшілерінің екі елде ұйымдастырған шараларға қатысулары, өнер ұйымдарының гастрольдері, өңірлер арасында бауырластық байланыстары ынтымақтастықтың негізгі арқауы болып отыр.

Білім саласында өзара ықпалдасудың жарқын мысалы ретінде Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (ХҚТУ) атап өтуге болады. Ыстамбұл қаласында Абай атындағы орта мектеп табысты қызмет атқаруда.

Осы уақытқа дейін 1500 астам ҚР азаматы Түркияның жоғары оқу орындарын аяқтап елге оралса, қазір елдің 27 университетінде 560 қазақстандық студент білімдерін жалғастыруда.

Ыстамбұлдағы қазақ диаспорасының 15 баласы мен 2 мұғалімнің Қазақстандағы «Балдаурен» оқу-сауықтыру санаторийінде демалысы ұйымдастырылды.

Қазақстан Жазушылар одағы мен Түркияның Еуразиялық жазушылар одағы арасында өзара ықпалдастық жалғасуда. «Бауырластық қалам» атты журналдың ү.ж. тамыз айындағы саны белгілі қазақ ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойына арналды. Түркі халықтарының мәдениетін қолдау ұйымы - ТҮРКСОЙ-мен бірлесе отырып Ыстамбұл, Анкара қалаларында ұйымдастырылған «Қасым күндерінің» аясында әдеби-музыкалық кештер болып өтті.

Қазақстан мен Түркияның өңірлері арасында сауда-экономикалық, мәдени, білім салаларында бауырластық қатынастар да дамып келеді. Бүгінгі таңда екі елдің 11 қаласы мен облысы арасында бауырластық қатынастар орнаған. Бұлар осы салада жүргізіліп отырған іс-шаралардың бір бөлігі ғана.

Төл мерекеміздің қарсаңында қойылатын дәстүрлі сұрақ, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы бауырлас Түркия елінде қалай аталып өтілді?

Түркияда Қазақстан тәуелсіздігі кең ауқымда атап өтілді. Бұл бағытта жыл басынан бері жүзден астам іс-шара ұйымдастырылды. Түркияның 15-тен астам провинциялары мен аудандарында сурет және картина көрмелері, түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер, конференциялар мен отырыстар өтті. Түрлі кезеңдерде Қазақстанның белгілі өнер шеберлері Ыстамбұл, Анкара, Адана, Ескішехир, Денизли сияқты және т.б. бірнеше қалалары мен аудандарының жұртшылығын қазақ өнерімен таныстырды.

Атап айтқанда, қазақстандық қылқалам шеберлерінің «Алтын ғасыр» сурет көрмесі, түрік фотографы Явуз Алатанның Қазақстан туралы фотосурет көрмесі түркиялықтардың қызығушылығын туғызды.

Қазақстандық әртістер тобының Памуккаледегі 3-ші халықаралық «Түрквизион» фестиваліне қатысуына мүмкіншілік жасалды. Президенттік оркестрдің «Белес» тобы мен қобызшы Әсел Нүркенованың 4-ші халықаралық музыкалық фестивальге қатысуына қолдау көрсетілді.

Елшілік ТҮРКСОЙ шеңберінде қазақ халық композиторы Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойына арналған мәдени шараларға атсалысты. Осы ретте Атырау қаласының Д.Нұрпейісова атындағы Қазақ халық аспаптары академиялық оркестрі Түркияның бірқатар қалаларында концерттер берді. ТҮРКСОЙ-дың, ТР Мәдениет және туризм министрлігінің, Елшіліктің және Анкара қаласы Етимесгут ауданы мэриясының қолдауымен қазақ композиторының құрметіне аталмыш ауданда Дина Нұрпейісова атындағы парк ашылды. Бұл шетелде қазақ күйшісіне арналған тұңғыш парк екендігін атап өткім келеді.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай Невшехир қаласында Н.Назарбаев атындағы проспект және Қазақстан бульвары ашылды.

Елшілік «Қазақстан» атты екі томдық иллюстрацияланған ақпараттық-анықтамалық кітапты түрік тілінде дайындап баспадан шығарды. Кітап Түркияның қоғамдық-саяси, ғылыми-академиялық және іскер топтарымен кездесулер барысында таратылуда.

Қазақстан жоғары оқу орындарының ректорлары мен Түркияның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттердің қатысуымен ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Мәмидің Түркияға таяуда болып өткен ресми сапарының шеңберінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Нұржамал Үсенбаева, Жан Тапин, Азамат Желтұрғызов, Ахат Кенжебаев, Жазгүл Данылбаева, Гүлзия Стамбектің, ҚР Президенттік оркестрінің халық аспаптары ансамблі мен «Белес» тобының және «Наз» би тобының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарлама Анкара жұртшылығының ерекше қызығушылығын туғызды.

Келесі жылы қазақ-түрік қатынастарының орнағанына 20 жыл толуын атап өткелі отырмыз. Осы бағытта да екіжақты ынтымақтастығымыздың жетістіктерін кең ауқымда атап өтуді жоспарлап отырмыз. Жұмыс жоғары қарқында жалағасатын болады.

Құрметті Елші, сұхбатыңызға рахмет, алға қойған мақсаттарыңыз бен жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

Соңғы жаңалықтар